Әлем чемпионатының жүлдегеріне Шымкент қаласының әкімі пәтер сыйлады
Фото:ҰОК
Каратэден Әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған Софья Берульцеваға Шымкент қаласының әкімі пәтер сыйға берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мысырдың Каир қаласында каратэден әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Байрақты бәсекеде +68 келі салмақта ел намысын қорғаған Софья Берульцева әлем чемпионатының ақтық сынына жолдама алған еді. Алайда шешуші сында неміс каратэшісінен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.
Спортшының айтулы жетістігінен кейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Софьяға пәтер сыйлады.
Бұны спорт журналисі Аслан Қаженов телеграм арнасында хабарлады.
“Күні кеше әлем чемпионатында жүлдеге іліккен Софья Берульцеваға пәтер кілті табысталды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ел намысын абыроймен қорғап, тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген каратэші қызға осындай құрмет көрсетті”, – деді Аслан Қаженов.
Айта кетейік, Софья алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты. Ол 2020 жылы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында да қола жүлде иеленген. Бұған қоса, ол 2022 жылғы Дүниежүзілік ойындардың чемпионы. Сонымен қатар үш дүркін Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

