Әлем чемпионатының алтын жүлдесінен қағылған өзбек боксшысы IBA шешіміне қатысты мәлімдеме жасады
Фото:IBA
Өзбекстанның Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков Дубайда өткен әлем чемпионатының финалындағы өзінің даулы жекпе-жегіне қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
60 келі салмақтың шешуші айқасында ол ресейлік Всеволод Шумковпен жұдырықтасыпп, төрешілер жеңісті қарсыласына берген.
Жекпе-жек барысында Шумковтың Халоковтың құлағынан тістеп алғаны жөніндегі бейнежазба желіде таралып, бұл жағдай өзбекстандық жанкүйерлердің наразылығын тудырды.
Осыған байланысты Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) эпизодты мұқият қарап шығып, оны әдейі жасалған әрекет емес деп таныды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, аталған жағдай айқастың барысына елеулі әсер етпеген. Сондықтан финал нәтижесі өзгеріссіз қалды.
Кейін Абдумалик Халоков өзі де пікір білдіріп, алдағы жарыстарға дайындықты бастап кеткенін жеткізді.
"Жаттығуға кірістік. Барлығы Алланың қалауымен. Тағы да күштірек болып ораламыз", – деді боксшы.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін кей жанкүйерлер IBA басшысы Умар Кремлевке үндеу жолдап, чемпиондық атақты Халоковқа беруді сұраған. Алайда IBA турнир аяқталғанға дейін Өзбекстан тарапынан ресми шағым түспегенін мәлімдеді.
Осы себепті жекпе-жек қорытындысын қайта қарауға құқықтық негіз жоқ екені айтты.
Осылайша Дубайдағы әлем чемпионатының нәтижелері өзгеріссіз қалды.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды

