Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлем аруы" байқауында дау: Ұйымдастырушы қатысушыны "ақымақ" дегені үшін наразылық туындап, қыздар рәсімнен кетіп қалды

Мисс МексикаФото: https://www.instagram.com/melissafloreg?

"Miss Universe" сұлулық байқауында үлкен дау шықты. Іс-шараның вице-президенті мексикалық қатысушыны "ақымақ" деп атағаннан кейін көптеген қатысушы залдан шығып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

International Business Times басылымының мәліметінше, Бангкоктағы қатысушылар орналасқан қонақүйде жоғары лауазымды ұйымдастырушы “Мисс Мексика” атағын иеленген бойжеткенді көпшілік алдында қорлаған. Осы оқиғадан кейін өзге қатысушылар наразылық білдіріп, залдан шығып кеткен.

“Оқиға делегаттар тұрып жатқан қонақүйден тікелей эфирде көрсетілген салтанатты шара кезінде болған. Азия мен Океания бойынша "Miss Universe" ұйымының вице-президенті Нават Итсарагрисил мексикалық қатысушы Мелисса Флорес Бошқа сол күні өткен демеушілер фотосессиясына қатыспағаны үшін ескерту жасаған”, – деп жазды басылым.

Вице-президент бойжеткеннен орнынан тұрып, камера алдында түсініктеме беруді сұраған. Алайда Мелисса Бош көпшілік алдында сөгіс алғысы келмейтінін айтқан кезде, ұйымдастырушы оның сөзін бөліп, "ақымақ" деп айтып, күзетшілерге залдан шығарып жіберуді бұйырған.

Осыдан кейін Мелисса залдан шығып кеткен. Ал бірнеше минуттан соң 2024 жылғы "Әлем аруы" Виктория Кьер Тейлвиг орнынан тұрып, шараға қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

“Бұл әйелдердің құқығына қатысты мәселе. Басқа қызды көпшілік алдында қорлау – құрметсіздік. Мен мұндайды ешқашан жасамаймын және қолдамаймын, – деді Виктория.

Бұл видео әлеуметтік желіде тез қарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл сәтті “Miss Universe” тарихындағы ең батыл әрекет” деп атады.

Дегенмен кейбір тай жанкүйерлері Наватты қорғап, оның сөздері дұрыс аударылмаған алға тартты. 

USA Today басылымы Мелисса Флорес Боштың өзі жағдайға қатысты пікір білдіргенін жазды.

“Менің елім білсін: мен өз ойымды айтуға қорықпаймын. Бүгін ол бұрынғыдан да қатты шығып тұр. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз, мен – бояп, киіндіріп, қалағаныңша өзгертетін қуыршақ емеспін. Мен бұл жерге барлық әйел мен қыздың атынан келдім, олар өз арманы мен идеясы үшін күресіп жүр. Халқыма мен ісіме адал екенімді айтқым келеді, – деді ол.

"Miss Universe" ұйымы да ресми мәлімдеме жасады.

“Барлық жоспарланған іс-шара мен кездесулер жоспар бойынша жалғасады. Біздің ортақ мақсатымыз – байқаудың алуан түрлілікке, теңдік пен инклюзияға негізделген құндылықтарын паш ететін ерекше мереке өткізу, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Miss Universe 2025 байқауында Қазақстан намысын кім қорғайтыны белгілі болғаны хабарланған болатын. Биыл Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өтетін Miss Universe 2025 сұлулық байқауына Қазақстан атынан 21 жастағы қостанайлық Дана Алмасова қатысады.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 18:12
Талқылау