Александр Усик пен Даниэль Дюбуа реванштық жекпе-жектен рекордтық табыс табады
Фото: Reuters
Ауыр салмақта өнер көрсететін Александр Усик пен Даниэль Дюбуа арасындағы екінші жекпе-жек бокс тарихындағы ең табысты кездесулердің бірі болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Британдық TalkSport пен AS басылымдарының мәліметінше, жекпе-жектің жалпы гонорар қоры 150 миллион фунт стерлингті (шамамен 203 миллион доллар немесе 92 миллиард теңге) құрамақ. Бұл соманың 65 пайызын Усик, ал 35 пайызын Дюбуа иеленеді.
Осылайша, украиналық боксшы Александр Усик бұл кездесуден шамамен 97,5 миллион фунт (132 миллион доллар немесе 60 миллиард теңге), ал британдық Даниэль Дюбуа 52,5 миллион фунт (71 миллион доллар немесе 32 миллиард теңге) көлемінде табыс табады.
Айта кетейік, жекпе-жек 2025 жылдың 19 шілдесінде Лондондағы әйгілі "Уэмбли" стадионында өтеді. Кездесу барысында ауыр салмақтағы барлық әлем чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.
Еске салайық, Усик бұған дейін Тайсон Фьюриге қарсы кездесуден 114 миллион доллар тапқан болатын. Ал Дюбуа үшін бұл мансабындағы ең ірі гонорар болмақ. Бұған дейін ол Энтони Джошуаға қарсы жекпе-жек арқылы шамамен 13 миллион доллар табыс тапқан.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
