Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Мақсат Толықбаев пранк жасап, контент түсіретіндерді жауапқа тартуды сұрады

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев қоғамдық орында пранк жасайтындарды сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Халық қалаулысы пранк жасайтындардан халық қорқып қалғанын жеткізді. 

“Жақында Меркіде болған жағдай да қоғамды қатты үрейлендірді. Шымкенттегі мотомаусымның ашылуынан қайтып бара жатқан мотоциклшіге бір қаскөй жанармай бекетінде екі рет пышақ сұққан. Бәрі бейнежазбада бар. Артынша байкердің шетел азаматы екені белгілі болды. Қазақ "үйіңе келгенге үйдей өкпенді айтпа" деуші еді. Ал әлгіндей әрекеттер Қазақстанның имиджіне есепсіз нұқсан келтірді. Жылдар бойы турист шақырамыз деп еткен еңбек еш кетті дей беріңіз. Тал түсте бейнекамераларды көре тұра адамды пышақтап кету қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты үлкен сұрақ тудырады. Желідегі жұрт "айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді" деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол – қазір пранк аталып кеткен құбылыс.

Интернетті ашсаң, парақшаны басып қалсаң, алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып оны бір-біріне сұғып, елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң "бұл пранк" деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі. Сиқыры жоқ, қолдарындағы қару – кедергі болғанда жүзі ішіне кіріп кететін пышақтар. Бұл не масқара? Енді бейтаныс біреу пышақ ала жүгірсе "Шын ба әлде пранк па? Қолындағы пышақ шынымен жаралай ма әлде жүзі ішіне кіріп кете ме?" деп күтіп тұру керек пе? 
Ойыннан от шығады дегенді бала кезден біліп өстік. Сол отты үрлеп жүргендерді құқық қорғау орындары жауапқа тартуы керек. Әлгіндей ойыны қанбаған ойсыздардың ойыншығын сатылымнан алып тастау қажет! Бұл қоғамның қауіпсіздігі үшін керек. Жауапты органдар айыптының заңға сәйкес жазасын алуын қадағалауы қажет”, – деп жазды депутат. 



Одан кейін қолына қару алып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, жұртты әбігерге салатындарды да қатаң жазаға тартуды үндеді.

“Екінші мәселе арнайы жасақтың киімін киіп алып той-туған күндерге кіріп барып елдің есін алатындарға қатысты. Желіден жұрт жаппай көріп жүр. Арнайы жасақтың киімін киіп, қолына қару алғандар азаматтарды құрықтап, қолдарына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, оны далаға алып кетіп әбден қорқытады. Соңында бәрі баяғы пранк деп шығады. Арнайы қызметтің операциясын қалжыңға айналдыру, солардың киімін кию, адамды бас бостандығынан айыру бұл қандай ойын?! Мәжіліске келген ІІМ вице-министрі "олардың киімі арнайы қызметтің киімінен айнымайды деу дұрыс емес" деді. Бірақ елең-алаңда бетпердемен кіріп келген бір топ адамның киімі арнайы жасаққа ұқсай ма, жоқ па оны жұрт қайдан ажыратсын? Тіпті елдің көбі арнайы жасақтың шын киімі қандай болатынын толық біле бермейді. Себебі түрлі күштік құрылымның формалары да алуан түрлі. Қалжыңдамақ болған адамның қан қысымы көтеріліп кетсе, жүрек талмасы ұстаса, оған кім жауап береді? Түптің түбінде сөз құқық қорғау орындарына келеді. Сондықтан адам қорқытып, қоғамды қауіпті қылып көрсетіп оны желіге жүктегендерді жүгендейтін кез келді. Осы айтылғандарды ескере отырып, уәкілетті министрлік аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолдарындағы қаруларын тәркілеуі керек деп санаймыз”, – деді Мақсат Толықбаев. 

Еске салайық, Шымкентте ломбардты ойыншық тапаншамен тонамақ болған қылмыскер ұсталған еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 13:36
Талқылау