Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлдеқайда арзан": Көлік министрі желіде талқыға түскен бас киімінің құны қанша екенін айтты

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың бас киіміне қатысты қызу пікірталас туды. Желі қолданушылары шенеунік киген бас киім шамамен 1 миллион теңге тұратынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мәжіліске Италиялық Loro Piana брендінің 1800 еуро тұратын кепкасын киіп келген еді. Оның видеосы желіде тарап, онда министрдің қымбат киіммен Парламент ғимаратына кіріп бара жатқаны көрсетілген. Осыдан кейін оның бас киімі желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары шенеунік киген бас киім шамамен 1 миллион теңге тұратынын жеткізді. 

Үкімет брифингінде журналистер Сауранбаевқа қымбат киіміне қатысты сауал қойды. Министр өз жауабында брендтерге мән бермейтінін және олардың бағасынан бейхабар екенін айтты.

“Шынымды айтсам, брендтерді онша түсінбеймін. Өмірде аскетпін... Енді білдім. Бірақ бағасы туралы айтылған мәлімет қате деп ойлаймын”, – деді министр.

Фото: Видеодан скрин

Бас киімнің құны жеңілдікпен алғанда кемінде 500 мың теңге болуы мүмкін деген сұраққа, министр  бағаның әлдеқайда төмен екенін жеткізді.

“Жоқ, әлдеқайда арзан”, – деді Сауранбаев.

Министр бас киімнің нақты бағасы мен брендін ашып айтпады. Ал әлеуметтік желідегі талқылау әлі де жалғасып жатыр. Қолданушылар кепканың шынайы бағасы мен мемлекеттік қызметкерлердің қымбат киім киюі орынсыз екенін айтып жатыр. 

Айта кетейік, брендтің ресми сайтында аталған кепканың бірнеше нұсқасы ұсынылған. Мәселен, эксклюзивті викунья (vicuña) матасынан тігілген үлгісі шамамен 1 800 еуро тұрады. Қазіргі бағам бойынша бұл 950 мыңнан 1 миллион теңгеге жуық. Ал кашемирден тігілген қолжетімді нұсқасының бағасы 600–650 еуро шамасында, яғни шамамен 330–350 мың теңге.

Фото: Әлеуметтік желіден скрин

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жемқорлық үшін сотталған мектеп директорынан зәулім үй, қымбат сөмкелер мен зергерлік бұйымдар тәркіленгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 13:25