Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның барлық мектептерінде ата-аналар жиналысы өтеді

23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ата-аналар жиналысы өтеді. Жиын барысында ата-аналардың өмірде де, интернет кеңістігінде де балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мәселесі талқыланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Жиын барысында ата-аналарға қатерлерді дер кезінде тану және оның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау керек екені түсіндірілмек. Олардың негізгілерінің қатарында баланың мінез-құлқы мен әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылау және мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасы мәселесі бар.



Сарапшылардың айтуынша, баламен тұрақты қарым-қатынас жасап, ашық диалог құрудың маңызы зор. 

"Балалардың қауіпсіздігі әрбір ересек адам үшін басты міндет болуы керек. Балаңызбен ашық диалог құру, оның өміріне белсенді араласу, цифрлық құрылғыларды басқару және қауіпсіздік мәселелерін талқылау проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадам саналады. Ата-ананың міндеті – бақылау ғана емес, сенімді қарым-қатынас құрып, оны сақтау. Осылайша бала ата-анасының әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін түсінеді. Біздің балалар – болашағымыз, олардың әл-ауқаты бізге байланысты", – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаттары аясында "Қауіпсіздік сабақтары" өтіп жатыр. Сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылып отыр.

Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ал балаларға жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, тәулік бойы қызмет ететін "111" нөміріне хабарласуға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздегі әрбір бесінші ата-ана баласының желіде қандай ақпарат жариялап, кіммен сөйлесетінін білмейтіні туралы жазған едік. 

Талқылау