Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтықтың жаңа түрі: Қазақстандық зейнеткерді қан тапсыруға шақырып, мединицина қызметкері ретінде таныстырған

алина хасанова алаяқтық туралыФото: Видеодан скрин

Алина Хасанова өзінің блогында жаңа бір алаяқтық түрі туралы айтып өтті. Оның сөзінше, жуырда анасына қоңырау шалып, өзін медицина мекемесінің қызметкері ретінде таныстырған адамдар алдатып кете жаздаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алинаның айтуынша, анасына жиі емханасынан қоңырау шалып, флюорография, томография немесе қан тапсыруға шақырып тұрады. Сол себепті бұл жолғы хабарласуды да ол учаскелік медбике деп ойлаған.

"Алаяқтар анама қан тапсыруға шақырғандай қоңырау шалған. Әдетте мұндай қоңыраулар учаскелік медбикеден келеді деп ойлаған анам еш күмәнданбаған. Телефон соққандар оны жұма күні келіп тапсыруға шақырған. Бірақ анасы сол күні жолға шығатынын айтып, бейсенбіге немесе келесі аптаға ыңғайластыруды сұраған. Олар болса, оны бос қабылдауға жазып, зейнеткер болғандықтан кезексіз өткізетінін айтқан. Анам қуанып, бұл ұсынысты қолдаған. Сол сәтте қоңырау шалғандар телефон тұтқасын қоймай тұруды өтініп, арнайы код жіберетіндерін айтып, оны оқып беруді сұраған. Анам келісімін бергеннен кейін көп ұзамай телефонына 1414-тен код келген", – деді Алина Хасанова.

Дегенмен Алинаның анасы соңғы кезде 1414 арқылы да алаяқтық жасалып жатқаны туралы жиі ескертіліп жүргендіктен, күмәнданып қалады.

"Анам, құдайға шүкір, мұны есіне түсіріп, бірден тексермек болады да, қазақша сұрақ қояды. "Сіздер поликлиникадан қоңырау шалып тұрсыздар ма?" дейді. Олар "Жоқ, біз қан орталығынан хабарласып тұрмыз" деп жауап береді. Осы тұста күмәнді болып кетті. Өйткені әдетте емханадан хабарласқандар қазақша сөйлейді немесе түсінеді. Ал бұлар мүлдем түсінбеді. Содан анам шошып кетіп, бірден телефонды қоя салады да, келген хабарламаны өшіріп тастайды. Кейін маған "Бұл жайлы блогыңда айтып, адамдарға ескертіп қойшы. Енді жаңа алаяқтық түрі пайда болыпты. Медициналық мекеме атынан қоңырау шалып, жазып береміз деп код жіберіп, сол арқылы адамдардың шотынан ақша шешіп алады екен", – деді Алина.

Алина бұл оқиғаны көпшілікке жеткізіп, сақ болуға шақырды. Оның сөзінше, бұл жағдай көбіне үлкен кісілердің басына түседі.

"Сондықтан ата-аналарға, әжелер мен аталарға ескертіңіздер. Алаяқтардан сақ болыңыздар! Қысқасы, сұмдық нәрсе. Осы жазбам біреуге пайдасын тигізеді деп үміттенемін. Мұны міндетті түрде аналарыңызға, әжелеріңізге, аталарыңызға жеткізіңіздер, өйткені көбіне дәл сол кісілер алаяқтардың құрбаны болады", – деп ескертті Алина.

Ішкі істер министрлігі елімізде ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің бірі азаматтарға пошта қызметінің курьерлері, медициналық мекемелердің дәрігерлері немесе энергетикалық компания қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу екенін айтты. Сондай-ақ алаяқтар түрлі мекемелердің қызметкері ретінде өзін таныстырып, адамдарды шұғыл шешім қабылдауға итермелейді.

"Мұндай жағдайларда олар қызмет көрсету процесін растау үшін 1414 нөмірінен келген SMS хабарламаның кодын сұрайды. Алайда бұл код шын мәнінде жәбірленушінің банктік шотына қол жеткізу үшін қаржылық операцияларды растауға арналған. Келесі кезеңде жәбірленушіге өзін "банктің қауіпсіздік қызметкерімін" деп таныстырған адамдар хабарласып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтады. Өз қаражатын қорғау үшін олар "қауіпсіз әдіс" ретінде жәбірленушіге несиені өзі рәсімдеуді және қаражатты арнайы "қауіпсіз" шотқа аударуды ұсынады. Осылайша азаматтар белгісіз шоттарға ақша аударып, елеулі қаржылық шығынға ұшырайды", – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Атап айтқанда:

•    жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу,
•    SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламау,
•    күмәнді адамдармен сөйлесуден аулақ болу,
•    кез келген күдік туындаған жағдайда дереу банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі ескертіледі.

Министрліктің мәліметінше, банктер мен ресми мекемелердің қызметкерлері ешқашан азаматтардан кіру кодтарын талап етпейді және шұғыл түрде әрекет етуін сұрамайды.

@alina_khassanovaa

Мама просила вас предупредить🥹🙏🏻

♬ оригинальный звук - Alina_khassanova
Айым Атамбаева
Жұма, 05 Қыркүйек, 2025 16:42
Талқылау