"Алаяқтық болған жоқ": Атырау тұрғыны "жалған стоматологиялар" ісі бойынша президентке үндеу жасады
Фото: Видеодан скрин
Атыраулық Жайық Иманбаев ағаларына қатысты қозғалған "жалған стоматологиялар" ісін әділетсіз деп санайды. Оның айтуынша, ағаларының клиникасы азаматтарға заңды түрде қызмет көрсеткен, ал БЖЗҚ қаражатын пайдалану тетігі толық бақылауда болғандықтан, алаяқтық туралы айыптаулар негізсіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау тұрғыны Жайық Иманбаев өзінің ағалары Ғаббас Иманбаев пен Берік Абдулланы қаржы мониторингі агенттігі қозғаған қылмыстық іс аясында айыптап жатқанын мәлімдеді. Алайда Жайық Иманбаев бұл айыптаулармен келіспейді. Ол өз үндеуінде істің негізсіз екенін және заңдық тұрғыдан дәлелденбегенін айтты.
"БЖЗҚ халықтың маңдай терімен тапқан ақшасы. Біз ай сайын жалақымыздың 10%-ын аударып отырамыз. Мемлекет сол жинақтың бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берді, халық осы құқықты пайдаланды. Көпшілік бұл қаражатты ипотекасын, несиесін төлеуге немесе емделуге жұмсады. Мұны қалайша қылмыс деуге болады? БЖЗҚ қаражатын алу бірнеше кезеңнен өтеді, бәрі тексеріліп, тіркеледі. Бұл процесті "таныстықпен" айналып өту мүмкін емес. Сондықтан стоматологиялық клиниканы алаяқтық жасады деп айыптау ақылға қонбайды", – деді ол.
Ал тергеу мәліметінше, кейбір клиникалар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 10–15 пайыз көлемінде комиссия алып, жалған стоматологиялық қызметтер рәсімдеген. Дәл осы жайттар, агенттік нұсқасы бойынша қылмыстық істердің қозғалуына себеп болған. Жайық Иманбаев өз үндеуінде БЖЗҚ-ның шетелдік инвестициясына да тоқталды.
"БЖЗҚ 70 миллиард теңгені Әзірбайжанға аударғанда қаржы мониторингі агенттігі мен өзге мемлекеттік органдар қайда болды? Сол кезде ешкім іс қозғамады. Енді қарапайым дәрігерлер мен кәсіпкерлерді жасамаған қылмыс үшін жазалап жатыр", – деді Жайық Иманбаев.
Айта кетейік, 2014 жылы Ұлттық Банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ақшасынан 250 миллион долларды Әзірбайжан Халықаралық Банкіне (ӘХБ) инвестициялаған. Яғни, банкке қарыз ретінде ақша беріп, оның облигацияларын сатып алған.
Алайда 2016 жылы банк қиын жағдайға тап болып, қарызын уақытынан бұрын қайтара алмады. Кейін 2017 жылы ӘХБ өз қарыздарын қайта құрылымдауға кірісті, яғни, бұрынғы қарыздарын жаңа шарттармен өтеуді ұсынды. Кредиторларға үш түрлі нұсқа берілді. Солардың ішінен Қазақстан ең сенімді нұсқаны банктің қарызын Әзірбайжан Үкіметінің мемлекеттік облигацияларына ауыстыруды таңдады. Бұл нұсқа тиімді болды, себебі енді ақшаны жеке банк емес, бүкіл мемлекет қайтарады. 2017 жылдың қыркүйегінде бұл процесс аяқталып, Қазақстан 258,3 миллион доллар көлемінде Әзірбайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарын алды.
Кейін, нарық жағдайы қолайлы болған кезде, Ұлттық Банк бұл қағаздарды 2019 жылы сатып, жалпы 292,38 миллион доллар табыс тапты. Нәтижесінде:
• салынған ақша 249,95 миллион доллар;
• табыс 42,43 миллион доллар (немесе 60,37 миллиард теңге);
• табыстылық жылына доллармен 4,1%, теңгемен 24,2%.
Осылайша, зейнетақы қоры Әзірбайжан банкіне салған ақшасынан жақсы табыс көрді. Бастапқы салымнан айтарлықтай пайда алып, бұл инвестиция сәтті аяқталды.
Жайық Иманбаевтың айтуынша, оның ағалары көп жыл бойы халыққа адал қызмет етіп жүрген дәрігерлер. Қазір олардың бірі тергеу изоляторында, екіншісі іздеуде екен.
"Ағаларым ешкімді алдаған жоқ, ешкімге зиян келтірген емес. Олар өз істерін адал атқарып, адамдарға көмек көрсетіп келді. Заңды түрде берілген мүмкіндікті пайдаланғаны үшін жазалау әділетсіз. Егер мұндай істер жалғаса берсе, халықтың билікке деген сенімі жоғалады. Мемлекет өз азаматтарын қорғауы тиіс, бар нәрсені қылмыс деп іздемеуі керек", – деп қорытындылады күдіктілердің туысы Жайық Иманбаев.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
БЖЗҚ-дан 46 миллиард теңге жымқырғандардың бірі ұсталды
Еске салайық, бұған дейін қыркүйек айында күдіктілер БЖЗҚ-дан 46 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз шығару схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Олар жалған медициналық құжаттар жасап, стоматологиялық қызмет көрсеткендей етіп рәсімдеген. Бұл мақсатта Ақтау мен Атырауда жеті "жалған" клиника тіркелген, алайда олардың ешқайсысы шын мәнінде медициналық қызмет көрсетпеген. Бұған дейін Атырауда зейнетақы қорынан тіс емдеуге деп 200 миллиард теңге ұрлаған топ ұсталғаны туралы жазған едік.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады