Алаяқтардың құрбаны болғандарға көмектеспейді: Депутат қазақстандық банктерді сынға алды
Депутат Асхат Рахымжанов премьер-министрге кибералаяқтардың құрбаны болған адамдарға көмектеспейтін екінші деңгейлі банктерге бақылауды күшейтуді талап етіп, сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Депутаттың айтуынша, бір ғана Қарағанды облысынының өзінен оған осындай 290 жәбірленуші хабарласқан. Оларға жалпы соммасы 1,6 миллиард теңгеден астам несие рәсімделген.
Депутат "Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы" заңына сәйкес, егер тұлға ресми түрде жәбірленуші деп танылса, банк:
- үш күнтізбелік күн ішінде мұндай банктік қарыз бойынша берешекті өндіріп алуды және талап ету жұмыстарын тоқтатуға;
- сыйақыны және (немесе) өсімпұлды есептеуді тоқтата тұруға;
- несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгенін растайтын сот актісін алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей банк берешекті есептен шығаруға және клиентке бұрын төленген сомаларды қайтаруға міндетті екенін атап өтті.
"Бірақ "клиенттің қатысуынсыз" деген тұжырым түсініксіз. Өйткені, бұл клиент сол кезде ұялы телефонын қолында ұстап тұрған болса да, бұл қатысу ретінде қарастырылуы мүмкін. Егер ол жаңылысып, төрт таңбалы кодты айтып қойған болса, оны несиені рәсімдеуге қатысты деп қарастыруға болады. Сондықтан да болар, қазір бұл норма жұмыс істемейтін болып шықты", – дейді депутат.
Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу тәртібі қиындайды
Депутат азаматтық іс жүргізу кодексіне несие рәсімдеу кезінде алаяқтық фактісі болғанын растайтын сот шешімі болған жағдайда, соттар банктердің талаптарын қанағаттандырудан бас тарта алатындай өзгерістер енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ депутат несиелік келісімдерге қол қою үшін бір реттік парольдерді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бір реттік құпия сөздер мұндай келісімдерге қол қою үшін жарамайды, өйткені азаматтық кодексте мұндай келісімдер үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭСҚ) немесе қолжазбалық қолтаңбаны пайдалану керектігі айтылған.
"Бұл төрт таңбалы кодты сенімді нөмірлерді байланыстыру үшін де қолдануға болады, бұл заңмен тыйым салынбаған. Банк кодтарды қарыз алушыға тіркелген нөмірге ғана жіберуі керек. Сондықтан кез келген қазақстандық таңертең күтпеген несиемен оянуы мүмкін", – деді Асхат Рахымжанов.
Сондай-ақ депутат банктік қосымшаларды жүктеп алу кезінде пайдаланушылар банкте қалатын электрондық цифрлық қолтаңбаны беруге автоматты түрде келісім беретінін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бұл банк клиенттің атынан кез келген құжатқа теориялық түрде қол қоя алатындай жағдай туғызады, сондықтан клиенттің несиені рәсімдеуге қатыспағанын дәлелдеу мүмкін емес.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында пошта қызметкері зейнеткерлердің атына миллиондаған несие рәсімдеп тастағаны туралы жазған едік.