Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алаяқтар рәсімдеген несиелерді сот арқылы есептен шығару тәртібі енгізілді

сотФото: istockphoto.com

Қазақстандықтардың атына алаяқтар рәсімдеген несиелерді сот арқылы есептен шығару тәртібі енгізілді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, егер несие алу кезінде банк антифрод (алаяқтарға қарсы) рәсімдерін бұзса, онда ол несиені міндетті түрде есептен шығаруы тиіс.

Мәжіліс кулуарында Әбілқасымова 30 қыркүйектен бастап қазақстандықтар үшін несиені сот тәртібімен есептен шығару жөніндегі жаңа норма күшіне енгенін мәлімдеді. Бұл шара алаяқтық құрбаны болған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Соттан тыс есептен шығару үш негіз бойынша жүргізіледі. Біріншіден, алаяқ азаматтың жеке деректеріне немесе қосымшаға қашықтан заңсыз қол жеткізіп, оның атынан несие рәсімдеген жағдайда. Екіншіден, банк клиентті биометрия арқылы сәйкестендіру кезінде қателік жіберген болса. Үшіншіден, банк антифрод рәсімдерін сақтамаған жағдайда.

"Үшінші негіз — ең өзекті. Кейде адамдар өздері биометриядан өтіп, жеке деректерін енгізгенімен, оларды алдап, мәжбүрлейтін жағдайлар кездеседі. Осындай азаматтарға көмектесу үшін үшінші тетік қарастырылған. Яғни, банк антифрод жүйесі арқылы күдікті әрекетті анықтап, алаяқтық несие рәсімделуіне жол бермеуі тиіс еді", - деді Әбілқасымова.

Әбілқасымованың айтуынша, мұндай істер бойынша бірыңғай сот практикасы әзірге қалыптасқан жоқ, сот әкімшілігімен қазақстандықтардың атына рәсімделген алаяқтық несиелерді тезірек жоюға мүмкіндік беретін жұмыс жүргізіп жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың қарызын жаппай кешіру әзірге жүргізілмейтінін айтқан болатын.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 16:50
Талқылау