Алаяқтар Абай облысының тұрғынына хабарласып, 9,5 миллион теңге несие рәсімдетіп жіберген
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қаржылық сауаты төмен, айлық табысы мардымсыз қазақстандықтар интернет алаяқтардың құрбанына айналып, микроқаржылық ұйымдарға миллиондап қарызға батқанын мәлімдеді. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елімізде интернет алаяқтық ауыздықталар емес. Бұл сорақы статистика соңғы бес жылда бес есеге өскен. 2018 жылы 4 287 факт анықталса, былтыр онлайн алдап-соғу деректері 20 мыңнан асып жығылған. Осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Бас прокуратура мен Қаржы нарығын реттеу агенттігінен тиісті шара қабылдауды сұрады.
"Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ның ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды. Бұл бір. Екіншіден, халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайды. Айлығы шайлығына жетпегендіктен осылайша бір қарызды екінші қарызбен жамайды", - дейді депутат Елнұр Бейсенбаев.
2022 жылы банктен несие алып беремін деген желеумен алаяқтар 3 мыңнан астам адамды сан соқтырған, биыл 475 азамат онлайн ақша алмақ болып алданған. Мысалы, Абай облысының тұрғынына хабарласқан алаяқ ұялы телефонға AnyDesk деп аталатын қосымшаны орнаттырып, сол арқылы 9,5 млн теңге несие рәсімдеп алған.
Осылай деп дабыл қаққан депутаттар микроқаржы ұйымдарының несие беруін электронды үкімет базасында тыйым салу мүмкіндігін тездетіп енгізуді, заңсыз лотерея, қаржы пирамидаларымен күрестің қалай жүргізіліп жатқанын түсіндіруді және әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттауды талап етті.