Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алатау қаласында жылдамдығы сағатына 350 шақырымға жететін аэротакси іске қосылмақ

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алатау қаласында жылдамдығы сағатына 350 шақырымға дейін жететін аэротакси іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алатау қаласында аэротакси мен квадропорттар іске қосылуы мүмкін. Соның арқасында Алматы агломерациясындағы туристік бағыттарға жылына шамамен 8 миллион адам барады деп жоспарланып отыр.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау дрондар мен аэротакси сияқты жаңа технологияларды алғаш болып енгізетін қалалардың бірі болуы мүмкін.

“Демек қалада аэротакси мен дрондарды 120 метрден жоғары биіктікте сынауға болады. Қазір мұндай тәжірибе тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында бар”, – деді Бозымбаев. 

Бозымбаевтың сөзінше, Қазақстан бұл бағытта АҚШ және Қытай компанияларымен келіссөз жүргізіп жатыр.

“АҚШ пен Қытай электрлік аэротакси мен жүк тасымалдайтын дрондарды әзірлеуде әлемдік көшбасшы саналады. Жоба аясында жолаушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы квадропорттар салынады. Олар Алатау, Қонаев, Алматы қаласының бірнеше нүктесі және туристік аймақтарды өзара байланыстырады. Турист әуежайға келіп, ары қарай Медеуге, тау кластеріне немесе Қапшағай жағалауына 10–15 минутта жете алады”, – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, аэротаксилер сағатына 300–350 шақырым жылдамдықпен ұшады. Ал алғашқы кезеңде, яғни алдағы 2–3 жыл ішінде, Алматы, Алатау және Алматы облысы арасындағы қатынас ұшқышсыз әуе көлігі арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Үкімет бұл бағыттың әлеуетін жоғары бағалап отыр және туристік ағынды арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін Alatau City аумағында жер учаскелері шетелдік инвесторларға жалға берілуі мүмкін екені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 20 Наурыз, 2026 11:32