"Жолды жауып тастаймыз": Бір тәулік бойы жарықсыз отырған Алатау ауданының тұрғындары наразылық білдірді

Фото: dknews.kz
Алматы әкімдігі кеше электр желілеріндегі апатқа байланысты қай шағынаудандардың жарықсыз қалғанын мәлім етті. Қазір ауданды түгелдей жарықпен қамтамаыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдіктің мәліметінше, 13 қараша күні 110 кВ №124А және №101А электр беру желілерінде апат болып, салдарынан ПС-162А “Алғабас”, ПС-169А “Ақбұлак” және ПС-123А “АЖЭО-2” сынды бірнеше ірі қосалқы станция уақытша электр қуатынсыз қалды.
Төмендегі шағынаудандардың тұрғындары кешеден бері жарықсыз қалды:
- Ақбұлақ;
- Алғабас;
- Ақкент;
- Саялы;
- Теректі;
- Ғажайып;
- Көксай;
- Нұркент;
- Дарабоз;
- Зерделі;
- Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөңке би көшелерінің аралығындағы аумақ.
“Оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберілді. Мамандар апаттың себебін анықтауға кірісіп, электр қуатын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді”, – делінген әкімдік хабарламасында.
14 қараша, сағат 00:12-де, ПС-110/10 кВ №169А “Ақбұлақ” қосалқы станциясы 110 кВ №101А желісі арқылы қайта қосылды. Қазір мамандар Нұркент, Ақкент, Алғабас, Теректі және Көксай шағынаудандарындағы энергиямен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары электрмен жабдықтау толық орнына келгенше жүргізіледі. Әкімдік қолайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұрады.
Алатау әкімдігі мамандардың демалыссыз жұмыс істегенін, нәтижесінде сағат 00:15-те Л-101А желісі толық қалпына келтіріліп, тұтынушыларға жарық берілгенін хабарлады.
“14 қарашада таңғы уақытта Саялы, Ақбұлақ, Зерделі шағын аудандарына, сондай-ақ "Софья", "Арена Парк" ТҮК тұрғындарына, ішінара "Ақкент" және "Дарабоз" ТҮК тұрғындарына электр энергиясы берілді. Қазір Теректі, Алғабас, Нұркент шағын аудандары, сондай-ақ Ақкент пен Дарабоз шағын аудандарындағы жекелеген үйлер жарықсыз қалды”, – делінген хабарламада.
Электр желісіндегі апатқа жер асты кабель желісінің зақымдануы себеп болған. Алаңда қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл зақымдалған учаскеге қол жеткізу үшін қажет. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар жеткізілген. Жер қазу жұмыстары аяқталған соң бригадалар кабельді қосу және желіні қалпына келтіру жұмыстарын бастайды.
Әкімдік бүгін сағат 18:00-де барлық шағынаудандарға толықтай жарық беріледі деп сендірді.
Тұрғындарға “72 сағат жарық пен су болмайды” деген ақпарат жеткен. Олар үш тәулік бойы жарықсыз отыра алмайтынын, не себепті қолайсыздық туралы алдын ала ескертпегенін сұрап, наразылығын жеткізді.
“Менің үйімде қайғылы жағдай болып еді. Бүгін-ертең алыстан келімді-кетімді кісілерім бар еді”, “Бізге су мен жарық бермесе, Нұркент тұрғындарымен бірге жолды жауып тастаймыз”, “3 тәулік болмайды деп жатыр”, “72 сағат жарық болмайды екен”, “Жарық пен су болмайды екен. Бқл не апокалипсис?”, “Неге әкімшілік дұрыс жұмыс істемейді? Неге ескерту дәл сол уақытта жіберіледі? Алдың ала 2-3 сағат бұрын жіберілмейді ме?”, “Неге бізде үнемі осылай? Жарық бергенше күте тұрмайсыздар ма?!”, “Алатау ауданы әкімдігіне e-Otinish-пен шағым түсірдім”, “ 72 сағат болмайды деген рас болса, масқара”, “Бәрінің үйінде продукты бар, ет бар дегендей, 72 сағатта бәрі бүлінеді. Біреу төлеп бермейді ғой”, – деп шағымданды тұрғындар.
Еске салайық, бұған дейін Алатау ауданындағы электр желілерінде апат болып, шағынаудан түгелдей жарықсыз қалғаны туралы жазған едік.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді