Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ халқының тарихы": Алаш зиялысы Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегі алғаш рет қазақ тілінде жарыққа шықты

Қоғам қайраткері, алаш арысы Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы жарық көрген еңбегі жазылғанына бір ғасыр өткен соң алғаш рет қазақ тілінде жарыққа шықты. Түпнұсқасында "Материалы к истории киргиз-казахского народа" атты кітабы "Қазақ халқының тарихы" деп өзгеріп, AmalBooks баспасынан оқырманға жол тартты. Туынды қазақтарға өзін тануға көмектеседі дейді оның дүниеге келуіне септігін тигізгендер. Stan.kz тілшісі бұл кітапты қазақ оқырманы не үшін оқу керек екенін жоба авторларынан сұрады. 

AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай кітапты жарыққа шығару себебін айта келе, Мұхаметжан Тынышбайұлының кітабындай еңбектер кемде кем екенін айтып қалды. Басты мақсат тарихымызға қатысты маңызды деректерді аудиторияға көбірек, жиірек шығару дейді.  

“Бұл кітаптың жазылғанына келесі жылы бір ғасыр болады. Туындының тағдыры жеңіл болған жоқ. Совет заманында ұнамаған соң, оны тәркілеп, тіпті жойып жіберді. 90-жылдардың басында Тәуелсіздік алғанға дейін оны баспаға шығармады. Тек 1992 жылы орыс тілінде қайта басылды. Түпнұсқада орыс тілінде шыққан, қазақ тілінде енді ғана жарық көріп отырған беті осы.  Қазақ оқырманына өзімізге қатысты тың деректерді, ақтаңдақтарды жоятын дүниелерді көбірек ұсынуымыз керек деп есептеймін. Әр халық өз тарихын өзі жазып, оқығаны жөн. Совет заманында біз өз тарихымызды білмей, танымай келдік.
Тынышбаев - қазақтың өзін тануына талпыныстардың бірін жасаған адам, нағыз алаш арысы, жүрегі қазақ деп соққан тұлға. Ұлтымыз, мемлекеттілігіміз қалай қалыптасты, тарихымыз қалай жүйеленді, осының бәрін барынша бұрмаламай, беделді ақпарат көздеріне сүйене отырып жазып шыққан”, - деп түсіндірді баспагер.

Кітаптың жарыққа шығуына арнайы мамандар атсалысыпты, оның ішінде кәсіби аудармашы, алаштанушы, Мұхаметжантанушылар бар.

“Бұл кітапты шығармас бұрын аудармаға іріктеу жүрді. Жамбыл деген жігіт аударып шықты. Тарихи деректерді тексеру үшін сарапшы ретінде ғалым Гүлбану Жүгенбаева тексерттік. Ол кісі ғылыми жолында Мұхаметжан Тынышбайұлының мұрасын, өмірі мен шығармашылығын зерттеп келе жатыр. Өте сауатты аударма деп бағасын беріп, кітаптың алғы сөзін жазып берді”, - дейді ол.

Бұқарбай қазіргі оқырман өз тарихын беделі бар авторлардан оқуы маңызды екенін баса айтты.

“Бұл кітап - осындай деректердің бірі. Әрбір қазақ оқырманы оқыса, өзінің өткеніне қатысты көп мағлұмат алады”, - деп түйіндеді ол.

Алаштанушы, ғалым, журналист Елдос Тоқтарбай Тынышбайұлының еңбектері тиісті деңгейде бағаланбай, болмысы лайықты құрметке бөленбей жүргенін өкінішін білдіре отыра, мұндай тұлғаларды ұлықтау қоғам үшін маңызды екенін, ал жазған дүниелерін әрбір қазақ оқырманы оқуға тиіс екенін жеткізді.

“Қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары әрі Түркістан автономиясының тұңғыш премьер-министрі қызметін атқарған, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол саласының инженері Мұхаметжан Тынышбайұлының туғанына биыл 145 жыл толды. Десе де оның 145 жылдығы жетім қыздың тойындай, елеусіз қалды.  Ол керек десеңіз, қарапайым мысал, Тынышбайұлының атындағы көшенің сиқы, қазіргі уақытта 3 метрге жетпейді, ал оның жанында Қазақстанды ешқашан көрмеген, ел танымайтын Тимирязев атына ең үлкен даңғылды беріп қойып отырмыз. 
Осы ретте мұндай тұлғаларымызды біз құрметтеуіміз керек екенін баса айтамын. Себебі  мұндай тұлғалар жылына емес, ғасырына бір туады. Өкінішке қарай, осы тұлға 1937 жылы қуғын-сүргінде репрессияға ұшырады. Ендігі жылы біз Мұхаметжан Тынышбайұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойлауға атсалысуымыз керек”, - деді ол. 

"Қазақ халқының тарихын" енді оқырман кез келген кітап дүкендерінен сатып алып, тарихи деректермен оқып таныса алады. Ұзақ күттірген кітаптың шығуына, оқырманға жетуіне Choco холдингі үлкен қолдау білдіргенін атап өту керек. Компанияның қаржылық қолдауының арқасында AmalBooks баспасы кітапты 1500 дана етіп ұсынып отыр. 

“Біз зерттеумен айналысамыз, тың деректерді шығарамыз, сондықтан осындай дүниені шығару туралы ұсынысты Choco холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряповқа айтқанда, ол қазіргі оқырман үшін оның маңызды екенін түсіне отырып, бірден қабылдады”, - дейді Бақытжан Бұқарбай. 

Рамиль Мухоряпов өз кезегінде кітаптың орысша нұқасқасын, яғни түпнұсқасын оқығанын, өзіне керегін алғанын жеткізді. Сөзінше, дәл осы кітап әр қазақтың үйінде болуға тиіс.

“2022 жылы “жеке дағдарыс” туындаған уақытта қызметкеріміздің бірі осы кітапты маған сыйлаған еді.  Ол уақытта мен бұл кітаптың тек орыс тілінде шыққанын білмедім. Оны қазақ тілінен орыс тіліне аударды деп ойладым.  Тынышбайұлы - мықты тарихи тұлға, тарихшы, өзі өмір сүрген кезеңде қазақтар туралы ақпаратты жинастыра алған ғалым.  Ол батырлар, жүздер жайлы тың деректерді біріктіріп кітап етіп шығарды. Бұл кітапты шығаруға бастама бола алу мүмкіндігі керемет көрінді. Өзіңді тануға көмектесетін осындай дүниелерді оқығанда іштей мақтанышың оянады, өзіңді түсінуге жәрдемдеседі. Бұл кітап әр адамның үйінде болуы керек деп ойлаймын”, - деді ол.
Талқылау