Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Әділетхан Молдахан 10 күнге қамалды

Әл-Фарабидегі жол апатын көтерген Молдахан Әділетхан 10 күнге қамалдыФото: іnstagram.com/adiletkhan

Белгілі блогер, заңгер Молдахан Әділетхан жалған ақпарат таратқаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қалалық полиция департаменті блогердің алдын ала жалған ақпарат таратқаны бойынша алдын ала тергеу жүргізіп жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, сот бұрын тонау жасағаны үшін сотталған күдіктінің әрекетіне қатысты 10 тәулікке қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.

Полиция іс бойынша басқа мәліметтерді тергеу құпиясына байланысты жарияламады.

Айта кетейік, күні кеше Молдахан Әділетханның ұсталғаны туралы жазған едік. Ол үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы жол-апатына қатысты болжамдар айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған еді.



Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.

Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 11:31