Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Отбасының жалғыз асыраушысы болған”: Алматыдағы жол апатында қаза болғандардың туыстары әділ тергеу талап етті

Алматыда үш адам қаза тапқан жол апаты: Марқұмдардың туыстары жазаны қатаңдатуды талап еттіФото: Алматы ПД

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апаты кезінде қаза тапқандардың отбасылары соттың ашық өтуін және күдіктіге тағылатын жаза түрін қатаңдатуды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Апат салдарынан үш ада қаза тапқан. Солардың бірі – 22 жастағы К. Сәуір айында ол 23 жасқа толуы керек еді. Марқұмның құрбысы оқиға болғанын естіген кезде сене алмағанын айтады. 

"Ол өте белсенді әрі мақсатшыл жан болатын. Кәсіппен айналысып, Түркия мен Қытайдан тауарларды өзі тасымалдайтын. Отбасындағы жалғыз қыз еді. Біз 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін бірге оқып, 10 жылдан астам уақыт байланыста болдық. 22 наурыз күні түсте оның туыстарының бірі сыныптастар чатына “Біз одан айырылып қалдық” деп жазды. Мен соңына дейін сене алмадым, әзіл шығар деп ойладым. Себебі оның Instagram парақшасында апаттан небәрі бір сағат бұрын салынған стористер әлі тұрған еді", – дейді марқұмның құрбысы.

Марқұмның құрбысының айтуынша, көлікте К-мен бірге Т есімді қыз және Е есімді жүргізуші болған.

"Құрбысының телефонынан туыстары Zeekr көлігінің олардың көлігіне соғылған сәті түсірілген видеоны тапқан. Жүргізуші басқа көлікті басып озбақ болған болуы мүмкін. Бірақ көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Видеоға қарағанда, жылдамдық өте жоғары болған. Сағатына 200 шақырымнан да асқан. Бұл жол апаты бір емес, бірден үш жас адамның өмірін қиды. Біздің ойымызша, үш адамның өмірі үшін 10 жыл жаза тым аз", – дейді құрбысы.

Mercedes көлігін басқарған Е-нің отбасы сот процесінің барынша ашық әрі әділ өтуін талап етуде.

"Біз ашық сотты және кінәлі адамның жеке басының ресми түрде расталуын, сондай-ақ оның әрекеттерінің қасақана жасалғанын мойындауды талап етеміз. Бұл оны немесе оның отбасын қоғам алдында айыптау үшін емес, желіде тарап жатқан жалған ақпараттың жолын кесу үшін қажет. Бұған дейін бұл жол-көлік оқиғасына қатысы жоқ адамдарға жала жабатын пікірлер бірнеше рет тарады", –  деді ол.

“10 жылға да жазаланбауы мүмкін”

Марқұм Е-нің отбасының мүддесін сотта адвокат Олег Чернов қорғайды. Оның айтуынша, ол бұл істі ақысыз негізде қолға алған.

"Біз жүргізуші А-ның бұрынғы тарихын тексеру үшін сұраулар жолдаймыз. Бұл жылдамдықты асырудың бір ғана жағдайы ма, әлде бұрын да болған ба анықтаймыз. Ол қанша рет камераларға түскенін, қанша рет жылдамдықты асырғанын, бәрін зерттеп, оған жүргізуші ретінде мінездеме береміз", – деді адвокат.

Белгілі болғандай, сот санкциясымен Zeekr автокөлігінің күдікті жүргізушісіне қамауға алу шарасы қолданылған. Бұған дейін ІІМ оның апат кезінде жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болғанын хабарлаған.

Сонымен қатар адвокат мас болу деңгейі әлі нақты анықталмағанын атап өтті.

"Жүргізушінің орташа немесе жоғары дәріжеде мас болғаны туралы нақты ақпарат әлі белгісіз. Бұл көрсеткіштердің арасында промиль деңгейі бойынша өте аз айырмашылық бар. Нақты қорытындыны сараптама нәтижелері шыққаннан кейін ғана жасауға болады", –  деп нақтылады ол.

Қаза тапқандардың туыстары айыпты ауырлатуды талап етіп отырғанына қарамастан, адвокат қолданыстағы заңнама аясында және істің мән-жайларын ескере отырып, бұл екіталай деп санайды. Тіпті оның пікірінше, кінәлі тұлға заңда қарастырылған ең жоғары 10 жыл жазаны да алмауы мүмкін.

"Меніңше, сот жеңілдететін мән-жайларды да ескереді. Мұндай істер бойынша бірқатар күрделі сараптамалар, соның ішінде сот-медициналық сараптама тағайындалады. Әдетте олар бір айға дейін созылады, бірақ мерзімі ұзаруы мүмкін. Барлық қажетті сараптамалардың нәтижесін күтеміз. Сонымен қатар тергеу әрекеттері қатар жүргізіледі", – деп түсіндірді ол.

Сөз соңында ол жәбірленуші тараптың келісімі болған жағдайда, сот процесінің ашық өтуін талап ететінін атап өтті.

Қаза тапқандардың туыстары әлеуметтік желілерде жүрек тебірентерлік жазбалар жариялауда.

"Бұл жол апатында менің немере ағам қайтыс болды. Бүгін оның жақындары көңіл айтуға келді, бірақ бұл бауырды, ұлды, әкені және жарды отбасына қайтара алмайды. Күдікті тараптың өкілі “Ол мұны әдейі істеген жоқ” деді. Бірақ қалай? Ол көлікті жарыс жолында жүргендей айдаған. Олардың басқа көлікпен жарысқан сәттері түсірілген бейнелер бар”, – дейді марқұмның туысы.

Оның айтуынша, марқұм отбасының жалғыз асыраушысы болған.

“Ағам отбасының жалғыз асыраушысы. Енді тек оның естелігі ғана қалды” – делінген жазбада.

Қайғылы оқиға туралы басқа да марқұмдардың туыстары айтып берді.

“Үш жас адам еш себепсіз қаза тапты. Алты жасар қызға әкесінің жоқ екенін қалай түсіндіреміз?” – деп жазды жүргізушінің туысы.

Қаза тапқан қыздардың таныстары да естеліктерімен бөлісуде.

“Бүгін олар жер қойнына тапсырылды. Артында армандары, жоспарлары, жарқын болашаққа деген үміттері қалды. Олардың бірі тұрмыста болған және бала сүюді армандаған. Екіншісі медициналық білімі бар, өте мейірімді қыз еді”, – деп еске алды.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты. 

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. 

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.

Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. 

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 18:47