Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған

Қазақстанда киіз үйге қатысты мемлекеттік сатып алулар сұрақ тудырды. Соңғы айлардағы деректерге қарасақ, бір өңірде жүздеген мың теңгеге алынған ұлттық бұйым, енді бір жерде ондаған миллион теңгеге бағаланып отыр. Stan.kz тілшісі зерттеу жасап көрді.
2026 жылғы 6 наурызда Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 16 қанатты, 35-45 адамға арналған киіз үй сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Өтінімдер сол күні қабылданып, 11 наурызға дейін жалғасқан. Байқауға 9 компания қатысқанымен, сатып алу бір киіз үйге 13,5 миллион теңгеге жүзеге асқан. Құжат соңғы айлардағы ең қымбат тіркелген келісімдердің бірі болды.
Фото: goszakup.gov.kz
Алайда дәл осы кезеңде Қазақстанның басқа өңірлерінде киіз үйлер әлдеқайда төмен бағамен сатып алынып жатыр.
Мәселен, Жетісу облысындағы "Үйгентас орман шаруашылығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2026 жылдың наурыз айында екі бірдей сатып алуды жариялаған. Оның бірінде киіз үй бағасы 500 мың теңге болса, екіншісінде 700 мың теңге. Қазір осы сатып алулар бойынша өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Ал осы облыстағы Бөрлітөбе орман шаруашылығы да ақпан айында киіз үйді 1 миллион теңгеге сатып алып, келісімді сәтті аяқтаған.
Атырау облысында да ұқсас жағдай байқалады. Махамбет ауданындағы "Өнерпаз" мәдениет мекемесі 2026 жылғы 4 наурызда 6 киіз үй сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Өтінім қабылдау 6 наурызға дейін созылған. Әр киіз үйдің бағасы 840 мың теңге болып белгіленген. Алайда 5 040 000 теңгелік сатып алу өтпей қалған.
Солтүстік Қазақстан облысында бағалар сәл жоғарырақ. Облыстық халық шығармашылығы орталығы 2026 жылғы 10 ақпанда 4 миллион теңгеге 12 қанатты бір ғана киіз үй сатып алған.
Фото: goszakup.gov.kz
Ал Ғабит Мүсірепов ауданындағы мәдениет үйі 16-18 ақпан аралығында 3 миллион 420 мың теңгеге 10 қанатты бір киіз үйге келісім жасаған.
Фото: goszakup.gov.kz
Батыс Қазақстан облысында да баға әртүрлі. Орал қаласындағы №14 мектеп 2026 жылғы 15 ақпанда жарияланған сатып алу арқылы 1 миллион 720 мың теңгеге 6 қанатты бір киіз үй алған.
Ал №25 мектеп 11-13 ақпан аралығында екі киіз үйді жалпы 8 миллион теңгеге сатып алған, яғни біреуі шамамен 4 миллион теңгеден.
Фото: goszakup.gov.kz
Астанадағы Талғат Бигельдинов атындағы №1 мектеп-лицейі 28-30 қаңтар аралығында 12 қанатты киіз үйді 2 миллион 300 мың теңгеге сатып алған. "Семей медициналық университеті" ("МУС" ) 27 ақпан мен 3 наурыз аралығында толық жинақталған бір киіз үйді 2 миллион теңгеге алған.
Осы деректерді салыстырсақ, киіз үй бағасы 500 мың теңгеден бастап 13,5 миллион теңгеге дейін баратынын көруге болады. Яғни айырмашылық 20-25 есеге дейін жетеді.
Әрине, киіз үйдің қанат саны, көлемі, ішкі жабдықталуы мен сапасы бағаға әсер етеді. Алайда 6 қанатты киіз үй 1,7 миллион теңге тұрса, 10-12 қанаттысы 3-4 миллион теңге аралығында болса, 16 қанатты киіз үйдің бағасы бірден 13,5 миллион теңгеге көтерілуі орынды сұрақ туғызады.
Тағы бір назар аударатын жайт барлық сатып алуларда өтінім қабылдау мерзімі өте қысқа. Көп жағдайда бұл кезең 2-5 күнмен шектелген.
Ал OLX платформасындағы соңғы хабарландыруларға қарасақ, киіз үй бағасы 200-250 мың теңге аралығында ұсынылып жатыр.
Фото: olx.kzХабарландырулардың бірінде тапсырыс 2 күн ішінде дайындалып, сапалы материалдармен дайындалатыны жазылған. Өлшемдері 3×3 метрден 8×8 метрге дейін. Қазақы ою-өрнекпен сәнделіп, 5 қабатты (брезент, салафан, жылу ұстайтын материал, мата қолданылады. Су өткізбейді, жылы, қаңқасы темірден деп көрсетілген. Ал мемлекеттік сатып алуларда киіз үйдің техникалық құжаты көрсетілмеген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған