Ақтөбелік заңгер халықты несиемен тонаған банктерді сотқа берді
Ақтөбелік заңгер Еркебұлан Сарман екінші деңгейлі банктермен соттасып жүр. Заңгер тұрғындарға оңай несие рәсімдейтін банктерге алданбаудың жолын ескертті.
«Несие кез келген адамның басында бар. Бір емес, бірнеше несиемен жүргендер жоқ емес. Көпшілігімізде айлықтың жартысынан астамы несиеге кетеді. Банктер заңсыз комиссияларын несиемен бірге төлеуге заңдастырып қойған. Қазіргі уақытта қолымызда елу шақты іс бар. Қолымызда банк келісімшарттарының заңсыз екені көрсетілген сот шешімдері бар», — дейді Еркебұлан Сарман.
Заңгер банктердің тұтынушыларын қалай алдап отырғандарын ашып айтып берді, деп хабарлайды aktobenews.kz.
«Заңсыз комиссияны банк ашып жазбайды. Қарызға қызмет көрсеткені үшін жалпы соммадан 0,4-0,5 пайыз деп жазып қояды. Ол үлкен сома болатын болса, тұтынушы ай-сайын 10-15 мыңнан артық төлем жасап отырады. Мәселен, Алтынбек есімді тұрғын банк арқылы автонесие рәсімдеген. Осы бойынша арызды сотқа түсірдім. Бір айдың ішінде сот шешімі шықты. Талапкерге заңсыз төлеген 121 700 мың теңгесін өндіртіп бердім. Ол банктен 1 718 875 теңге алған. Бұл ең аздары, 700-800 мың теңгеге дейін заңсыз ұстағандары бар. Олар көп жағдайда ұзақ уақытқа несие рәсімдегендер. Мәселен, төрт жылда 48 ай бар. Олар айына 11-12 мыңнан ұстайды», — дейді заңгер.
Сонымен қатар, заңгер екінші деңгейлі банктердің үстінен қазақ тілін қорлап отырғандары үшін де сотқа арыз түсірген.
«Банктің мемлекеттік тілді қорлап көрсеткен бөлімдерін сот арқылы жарақсыз деп тануды талап еттім. Банк келісімшартты екі тілде жазады. Бірақ, ең соңғы бөлімінде қазақ тілін басшылыққа алмаңыздар деп арнайы бөлім енгізіп қойған. Барлық банк қазақ тілінде кемшілік болса, орыс тіліне сүйеніңіздер деп көрсетеді. Бұл дегеніңіз тіл туралы заңға сай емес. Кез келген мемлекеттік емес ұйымдардың өзінде бірінші құжат мемлекттік тілде жазылуға тиісті», — дейді Еркебұлан Сарман.
Елімізде несие алушылар банктен комиссия шығындарын өтеп алып жатыр.
Тағы да оқыңыз:
Бахтияр Артаев: Спортта жүрген қандастарымыздың арасында жат ағымдарға ілескендері көп
Ерніне қарап адамның мінезін тануға болады
Елімізге танымал әншіні жат ағымға кіріп кеткені үшін әкесі байлап ұстап отыр