Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік дәрігерлер сал болып қалған баланың ата-анасынан 4,5 миллион теңге өндіріп алмақ

Ақтөбе қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатқан Сырғалым Өтепке туабітті дертке шалдықты деп ешкім айтқан емес. Арада 8 ай өткенде сәби еш қимылдамай қалды.

Ақтөбе қаласында тұратын Айымгүл Ермаханова дені сау баланы дүниеге әкелді. Осы жылдың ақпан айында дүниеге келген Сырғалым Өтеп алғаш рет мамыр айында ауырып, инфекциялық ауруханаға түсті. Кейін тағы да құсып, ем қабылдады. Сол кезде дәрігерлер жұлыннан су алып, бала инфекциямен туған деп диагноз қойды. Яғни, Айымгүл Ермаханова жүкті болған кезде инфекция балаға тарап, ол шарананың миына әсер еткен. Кейін миына қан құйылып, Сырғалым есінен айырылды. Ауруханада 10 күннен астам уақыт ес-түссіз жатып, мамандардың бақылауына алынды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Сырғалым Өтеп ауруханаға 4 рет жатты. Анасында инфекция болған, жүктілік кезінде инфекция анадан балаға өткен. Алғаш рет ауруханаға мамыр айында түсті. Бір аптадан соң шығып кетті. Кейін қайта түсіп, біз жұлын суын алып, тексеру жүргіздік. Сол кезде нақты диагноз қойылды. Ол «ауруханада балам сал болып қалды» деп бізді жазғырып отыр. Бала бізге түскен кезде есінен танып қалған, қымбат дәріні тапсырыспен алдырып, қайта өмір сыйладық. Ал олар бізге кінә артып отыр», — деді Ақтөбе клиникалық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева.

Кейін есін жиған баланы Ақтөбе қалалық балалар ауруханасына жібереді. Мұнда бала невропатология бөлімінде жатыр. Қазір тек қолын сәл қимылдата алады.

«Науқас инфекциялық ауруханадан түсті. Жағдайы орташа ауыр. Ол ұзақ уақыт ем қабылдауы керек. Баланың миына қан құйылып, ем қабылдаған», — деді Ақтөбе қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Наталья Головырина.

Сырғалымның анасы Айымгүл Ермаханова ауруханаға аман-есен келіп, сал болып қалған қызын қайда апарып, кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

«Перзентханада жатқан кезде ешқандай дерті болған емес. Сол жерде екпе де жасалды. Кейін 2 айлығында алуы тиіс екпені 3 айлығында алды. Сол күні кешке құсып, қызым өзін нашар сезінді. Жедел жәрдеммен ауруханаға түстік. Содан бері әлі ауырып жүр. Соңғы рет ауруханаға түскен кезде жылап, мазасызданды. Кешкілік жансақтау бөліміне алып кетіп, сол жерде есінен айырылды. Ол 10 күннен астам уақыт бойы есін жимады. Қатты қорықтым. Сау болып келген балам қазір сал болып қалды. Дәрігерлер баламды толық емдеп берсін. Ауруханадан шығарады, біз қайда барамыз. Ол балаға қалай күтім жасаймыз. Тағы да жүктімін», — деді Айымгүл Ермаханова.

Тағы да оқыңыз:

Күйзелістен арылуға көмектесетін 6 қадам

Астана тұрғыны жанжалдасқан адамның көзіне қайшы тығып, ағызып жіберді

Оралда темірге қадалып қалған ер адамға 6 сағат бойы ота жасалды

Талқылау