Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік әйел жоғалып кеткен баласын базардан іздеп жүр

Ақтөбеде тапа тал түсте жоғалып кеткен жігіттің анасы баласын іздеп күнде базарға келетінін айтады. Баласының жоғалғанына он төрт күн болды. Бір хабарын біле алмай анасы алаңдаулы. Тек жақсы жаңалық болса деген үмітпен, Райхан апа базарға күнде келеді екен.

Безымянный

Бұл туралы kerek-info.kz хабарлайды.

Он төрт күн бойы баласын базардан іздеген ананың жүрегі қан жылап отыр. Жалғыз ұлынан ешбір хабар таппаған әйел күнде базарға келіп, өзі іздейтінін айтады.

“Ерханның мінезі өте ашық, ақкөңіл болатын. Үйдегі жалғыз балам еді. Ешкімге жамандық ойламайтын. Тек біреуге жақсылық жасап, көмек беріп жүргенді ұнатады. Тентек мінезі жоқ, жуастау болатын. Қандай жағдайға тап болса да жасырмай маған айтып жүретін. Ерхан машиналарға газ қондырумен айналысады. Жаз айында қауын-қарбыз сатуға шыққан еді. Түркістаннан қауын-қарбыз әкеліп, 41 разьездтегі базарда сатып тұрған жерінен іс-түссіз жоғалып кетті”, – дейді анасы.

Ерханның көлікке өзі мініп кеткенін көргендер бар. Түскі уақытта 41 разьездтегі базарға Ландкрузер 200 маркалы ақ түсті машина келеді. Базардың қақ ортасына көлікті қойып, ішінен жүргізуші шығып Ерханмен сөйлеседі. Екеуі сөйлесіп болған соң, Ерхан көлікке мінеді. Сол кезде қасындағы жүкші балаға “мен қазір келемін” деп кетіп қалыпты.

“Содан хабарсыз кетті. Сатып тұрған қарбызы сол күйі қалған. Өзі айдап жүрген машинасы орнында тұр. Машинадан түскен баланың киімі, жүріс-тұрысы бәрі көрініп тұр. Тек бет-әлпеті дұрыс көрінбейді. Фото робот жасауға болады дейді. Бірақ, ешкім түрін де көрмедік, байқамадық деп айтпай отыр. Көліктің нөмері бақылау бейне камераларынан көрінбейді”,- дейді анасы.

Анасы із-түзсіз кеткен баласын іздеп бармаған жері қалмапты. Тіпті күнде базардың ішін аралап, сұрастырып жүргенін айтады.

“Өзім сол күні Жаңажолда жұмыста жүр едім. Маған хабар келіп, жұмысымды тастап қалаға келдім. Бүгін баламды іздегеніме он төрт күн болды. Ешқандай хабар жоқ. Тиісті мекемелерге бардым. Бәрі жан-жақтан іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Астанадағы ҰҚК-не, прокуратураға шықтым. Елбасының елшілігіне хабар бердім. Бос отыра алмадым. Ана жүрегі жалғыз баласының жоқтығына қалай шыдап отырады? Өзім де күнде осы базарға келіп, өзімше іздеп қарастырып кетемін. Бір жақсы жаңалық естіп қалармын деп үміттеніп жүремін. Ерханмен бірге сауда жасап тұрған саудагерлерден де келіп күнде сұраймын. Бірде біреуі көліктің нөмірін көрмеген. Сонда бұл қалай болғаны? Баламды кімдер не үшін алып кетіп отыр? Түсіне алар емеспін”,- дейді Райхан.

Оның айтуынша, ұялы телефонына қоңырау шалып, ұлын теріс ағымдағы адамдар алып кеткен шығар деушілер де болыпты.

“Маған қоңырау шалып, балаңызды вахабистер алып кеткен шығар. Балаңыздың сондай жолда шығар деп жатқандар да бар. Бірақ, олай емес. Балам дұрыс жолда, қарапайым киінеді. Қазіргі заманға сай киім киеді. Сақал өсірмейді. Қысқа балақ кимейді. Ондай ағымға қатысы жоқ”,-дейді анасы.

Анасы ұлының ешкімге қарызы болмағанын да алға тартты. Отбасынан ажырасып кеткен ұлының жақсы әке екенін де тілге тиек етті.

“Баламның ешкімге қарызы жоқ. Артында екі баласы бар. Жолдасы бар. Жолдасымен ажырасып кеткен, бірақ екеуі жақсы араласып тұратын. Туған күндерін бірге тойлап, балаларын бірге қыдыртып жүретін еді. Қазір балаларына айтқан жоқпыз. Олар әкелерінің жоғалып кеткенін білмейді. Солардан жасырып жүрміз. Тек біліп қалмаса болар еді деп аландаймыз. Полицейлер, сарбаздар жан-жақты қарап іздестіріп жатыр. Базар айналасын, қоймаларды қарап шыққан. Иттермен талдардың араларын, түпкірлерді қарап іздестіруде. Тал түсте халықтың көзінше қалай адам ұрлығын жасап тұр ма сонда? Ұлымды алып кеткен адамдар ешкімнен қорықпай ма?”- дейді Райхан.

Жалғыз ұлынан бір дерек болар деген үмітпен бақсы – балгерлерге барғанын да жасырмады.

Базардың әкімшісі жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен Ерханды танымайтынын айтты. Оның айтуынша, Ерханның қасындағы жігітті ғана біледі екен.

“Мен осы базарда администратор болып жұмыс жасап жатқаныма енді бір жыл болады. Ерханды танымаймын. Қасындағы Қайрат деген баланы білемін. Сол маған сауда жасап тұрған жердің ақшасын төлеп тұратын еді. Сол күні Қайраттан сағат он екілер шамасында ақшаны алдым. Екі-үш күн сайын, кейде бір жеті сайын келіп сауда жасап тұратын. Сол күні кешкісін алтыларда Қайрат Ерханның келмей жатқанын айтып, бейнебақылау камерасын қарағысы келетінін айтты. Көрсеттім. Бейнежазбаны көшіріп алып, полицияға арыз бер дедім. Бізде аландап отырмыз. Тезірек Ерхан аман-сау үйіне оралса екен”, – дейді базар қызметшісі.

Оқи отырыңыз:

Түркістанда мұғалімдерді жаппай ақысыз демалысқа мәжбүрлеп жіберіп жатыр

Қостанайлық азамат екі жыл бойы туған қызын зорлап келген

Павлодар кафесіндегі шу тудырған порно роликтің бас кейіпкері жазадан құтылып кетті

Астаналықтар 6 баласымен жалғыз қалған әйелге көмек көрсетті

Талқылау