Ақтөбеге президент келгенде жол белгілерін салған шенді 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Сот Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттің қарамағындағы қызметкер Абзал Тильмагамбетовті кінәлі деп таныды. Шендінің 272 миллион теңгені талан-тараж қылғаны сотпен дәлелденді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Ақтөбеде жол белгілері үшін бюджеттен бөлінген 272 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған Абзал Тильмағамбетовке үкім шықты. Ол өңірге президент келер кезде қала әкімінен жол белгілерін салуға тапсырма алған. Бірақ прокурорлар бюджет ақшасының талан-тараж болғанын анықтап, тергеу жүргізді.
Сот Ақтөбе қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры Абзал Тилмағамбетов қылмыстық кодекстің “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу” бабы бойынша айыпты деп таныды. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оның мемлекеттік қызметте, қыржылық компанияларда, ұлттық компанияларда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру туралы үкім шығарды”, – делінген хабарламада.
Фото: Stan.kz/Сотталушы Абзал Тилмағамбетов
Іс бойынша күдікті кәсіпкер сот залында қамауға алынды.
“Аслан Кусумов қылмыстық кодекстің “Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу” бабы бойынша айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, – деді судья.
Іс материалына сенсек, 2023 жылдың сәуір айында жол белгілерін салуға қатысты ашық байқау қорытындысы шықты. Тильмағамбетов басқарған орталық қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына жауапты. Қала көшелеріне жол белгілерін қою – Тильмағамбетов басқарған орталық функцияларының бірі.
Сотта қала әкімі Азамат Бекеттің Ақтөбеге президент келер алдында жиналыс өткізгені айтылды. Сотталушылар сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сондай-ақ апелляцияға арыз түсіретіндерін айтты.