Ақтөбедегі оқушы өлімі: Мектеп-интернаттың қызметкерлеріне қатаң сөгіс жарияланып, жұмыстан қуылды
Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы мектеп-интернатында 8-сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкіров әлімжеттік салдарынан көз жұмған соң араға 4 ай салып білім мекемесіндегі қызметкерлер жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Диапазон порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Оқушының қазасынан кейін мектептің 6 қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды. Оның ішінде мектеп директоры мен күзетші де бар.
“Мектеп директоры және оның көмекшісі Асылбек Тәпесов қатаң сөгіс алды. Қатаң сөгіс алғандардың тізімінде күзетші Қосмағамбетова да бар. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Нұрмағамбетова сөгіс алып қана қоймай, жұмыстан босатылды. Тәрбиешінің көмекшісі Есет Дүйсенов те қызметінен қуылды. Еркін күрес кафедрасының жаттықтырушылары мен оқытушылары Т.Сейітов келісім-шарт мерзімі біткен соң қазан айында жұмыстан кетсе, А.Бекжанов еңбек демалысынан кейін қызметін босатады. Сондай-ақ жаттықтырушы А.Жарылқасынов та жұмыстан кетті. Ал педагог-психолог Т.Советова қатаң сөгіс алды”, – делінген жазбада.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, мектеп директоры Қайрат Әжбағамбетов 2024 жылдың 8 ақпанында мектепте жұмыс істей бастаған. Айтуынша, ол тәжірибелі басшы. Сондай-ақ әкімдік мектеп-интернаттағы жаттықтырушы құрам түгелдей ауыстырылғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
13 сәуірде Instagram-да көз жұмған баланың әпкесінің үндеуі пайда болды. Қыз Бексұлтанды орта мектеп оқушылары өлтірді деп жазды. Егіз Бексұлтан мен Ерсұлтан Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектебінің 8-сыныбында оқып, сол жерде тұрған екен. Жақындарының сөзінше, марқұм құлап, есінен танды деген ақпарат жалған. Сондай-ақ оқушының өліміне қатысты сот отырысы жабық өтіп, баланың анасын сот залынан шығарып жіберді.