Ақтөбедегі автобус өрті: Полиция жүргізушілерден жауап алып жатыр
Ақтөбе облысының жедел тергеу тобы автобустың өртенуіне қатысты іс бойынша жүргізушілерден жауап алып жатыр, деп хабарлайды өңірлік ішкі істер департаментіне сілтеме жасап Stan.kz.
Ақтөбедегі автобус өрті кезінде қаза болғандардың мүрделері кеше кешкілік Өзбекстанға жөнелтілді. Ал 19 қаңтар күні сағат 19:00-де Самара-Шымкент тасжолында болған қайғылы оқиға орнын зерттеу, тергеу жұмыстары аяқталды. Өртеніп кеткен автобустың қаңқасы жан-жақты сараптау жұмыстарын жүргізу үшін облыс орталығына жеткізіледі.
ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын нақтылау мақсатында жедел тергеу тобы үш жүргізушіден, екі жолаушыдан жауап алып жатыр. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары екен.
“Өзбекстаннан келген Үкіметтік комиссия өз жұмысын аяқтап, Қазақстан Республиканың мемлекеттік органдарына, ведомстваларына алғыс білдірді. Үкіметтік комиссияға барлығы 52 адамның мүрдесі берілді. Олар өз елінде геномдық сараптама жасайтын болады. Ұшақ кеше кешкі сағат 20:25-те аттандырылды»,- деп мәлімдеді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.