"Бас сүйегі ашылып кеткен": Ақтөбеде автобус жүргізушісі қаққан оқушы хәл үстінде жатыр
Фото: Видеодан скрин/Баланың атасы мен апасы
Ақтөбеде 14 жастағы баланы тал түсте автобус қағып кетті. Жасөспірімнің бас сүйегі ашылып, 9 қабырғасы сынған. Ауыр жарақат алған баланың туыстары көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасы Ақтөбеде 31 мамыр күні түскі уақытта болды. Жасөспірімді автобус Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесі қиылысындағы жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда қаққан. Баланың денсаулығына алаңдаған атасы қала әкімі, полиция департаментінен шара қолдануды сұрайды. Ол президентке шағым жолдайтынын айтты. Қайғылы жағдайды туыстарына мектеп әкімшілігі хабарлаған.
“Менің немерем Дарын Қожахметов кәмелет жасына толмаған. №9 мектеп гимназиясының оқушысы. "Автопарк" ЖШС-не тиісілі автобус жүрзігушісі бағдаршамға қарамай, қатты жылдамдықпен өткен. Немеремді тапа-тал түсте қағып өтті. Қазіргі таңда немерем хәл үстінде жатыр. Басы жарылып, бас сүйегі ашылып кетті. Сонымен қатар 9 қабырғасы сынып, өкпесіне, асқазанына зақым келді. Баламды қаққан жүргізуші бостандықта жүр. Полиция хабарласпады бізге. "Автопарк" басшылары келіп, баланың қал-жағдайын сұрауға әрекет жасамады. Ертеңгі күні немеремнің дұрыс болып кетуіне ешкім кепіл бере алмайды”, – деді жасөспірімнің атасы Қожахмет Сарқұлов.
Жасөспірімнің туыстары жол оқиғасы кезінде түсірілген видеоны көрсетті. Видеодан бағдаршамның қызыл жанғанына қарамастан автобустың қатты жылдамдықпен келгенін көруге болады. Салдарынан ол баланы бірнеше метрге ұшырып жіберген.
“Жол апаты кезінде жарақат алған бала нейрохирургия бөлімінде. Жағдайы тұрақты ауыр. Жабық бас ми жарақатымен ем қабылдап жатыр”, – деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі қызметінен шеттетілді.
“Жүргізуші қазір жұмыста жоқ. Мекеменің ішкі тәртібіне сай оқиға болған күні қызметінен уақытша шеттетілді. Сот шешімі, тергеу қорытындысы бітпейінше жұмысқа қосыла алмайды. Комиссия қорытындысы шығып, құжаттар бізге келген соң шара қолданылады”, – деді “Автопарк” ЖШС-нің директоры Ақарыс Тілеулесов.
Ақтөбе облысы полиция депертаменті аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық кодекстің 345-бап 2-бөлігімен (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет) іс қозғалды.
“Ақтөбе қаласында №15 бағыттағы маршруттық автобус пен кәмелетке толмаған велосипедшінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. 2011 жылы туған бала жарақат алды, медициналық мекемеге жатқызылды. Полиция ата-аналарға балалардың, әсіресе, велосипедпен жүру кезінде жол ережелерін қатаң сақтау қажет екенін еске салады”,-деп хабарлайды облыстық полиция.