Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде зейнеткер әйел қоғамдық көлікті 42 жылдан бері тізгіндеп келеді

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде 60 жастағы Мұңсыз Тілегенова қоғамдық көлікті 42 жылдан бері тізгіндеп келеді. Ол 19 жасында жүргізуші болып жұмысқа кірісіп, содан бері бірде-бір жол ережесін бұзбаған тәжірибелі жүргізушілердің бірі атанып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұңсыз Тілегенова қоғамдық көлік жүргізушісі мамандығына өте жас кезінде келген. Алғаш рет 19 жасында троллейбус тізгіндеген. Кейін автобус жүргізуді де меңгеріп, содан бері рөлден қол үзбеген.

Зейнет жасына жетсе де, ол еңбек жолын тоқтатуды ойламайды. Жүргізушінің жұмыс күні таңғы сағат 4:30-да басталып, шамамен 15 сағатқа созылады. Бір ауысымда ол бағыт бойынша сегіз ретке дейін айналым жасап, үйіне түнге қарай оралады.

Мұңсыз Тілегенованы жолаушылар да, әріптестері де жақсы таниды. Автопаркте оны ең тәжірибелі, тәртіпті әрі жауапты жүргізушілердің бірі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, 42 жыл ішінде бірде-бір жол ережесін бұзбаған.

8 наурыз мерекесі қарсаңында ол салтанатты шараға шақырылған әйелдердің қатарында болды. Онда өңір басшысы жүргізушіні мерекемен құттықтап, көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдірді.

"Қазір зейнеттемін, бірақ жұмысымды жалғастырып жүрмін. Кіші ұлым әлі үйленген жоқ, немерем де жоқ. Үйде бос отырғанды ұнатпаймын. Қимылсыз отырсаң, түрлі аурулар шыға бастайды. Ал жұмыста үнемі қозғалыстамын, өзімді жақсы сезінемін. Сондықтан әзірге демалысқа шыққым келмейді", – деді Мұңсыз Тілегенова.


 


Еске салайық, бұған дейін Ақерке Шопатева қазақ авиациясының тарихындағы тікұшақ басқаратын тұңғыш әйел екенін жазған едік. Ол МИ-8 деп аталатын әскери ұшақтың ұшқышы. 24 жасында ұшқыш атанған Ақерке үш жыл бойы әйел болғаны үшін көп жер жұмысқа қабылдамай қойғанын айтады. Десе де өжет қыз айналасындағыларға әйелдің де мықты ұшқыш бола алатынын дәледеді. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 07 Наурыз, 2026 11:08