Ақтөбеде Qnet қаржы пирамидасының басшысы сотталды
Ақтөбеде Qnet қаржылық пирамидасының басшысы сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Ақтөбенің №2 қалалық сотында аса ірі көлемде ақша немесе өзге де мүлікті тарту арқылы қаржы пирамидасын құрып және жүргізгені (ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы) үшін айыпталған сотталушы Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Сот Ж.-ның 2019 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың маусымына дейінгі аралықта Ақтөбе облысында Ақтөбе және Хромтау қалаларында халықаралық компанияның тәуелсіз өкілі ретінде тіркеліп, бірқатар шет елдерде қаржылық пирамида ретінде танылған Qnet құрылымдық бөлімшесін құрып, басқарғаны анықталды. Ол Qnet компаниясына жалпы сомасы 37 463 160 теңгені құрайтын 25 азаматтың жинақ ақшасын тартқан", – делінген облыстық соттың хабарламасында.
Соттың мәліметінше, сотталушының шын жүректен өкінуі, кінәсін мойындауы, келтірілген зиянды өз еркімен өтеуі, асырауында жас баланың болуы жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылған.
"Сот жәбірленушілерге келтірілген зиянды өз еркімен өтегенін және асырауында жас баланың (4 жаста) болуын ескере отырып, қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеп, жеті жыл мерзiмге коммерциялық ұйымдарда лауазымды атқару құқығынан айырумен бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот асырауында жас баланың болуын ескере отырып, ҚК-нің 74-бабының негiзiнде жазаны орындау бес жылға шегерiлдi. ", – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.