
Фото: Фото: dvidshub.ne
Ақтөбеде оқу-жаттығу кезінде парашюті ашылмай қаза тапқан әскери институт курсантының өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Айыпталушылар – екі әскери қызметкер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, 2025 жылы 15 шілде күні “Айбын” аэродромында 18 жастағы курсант Бақыт Асарбаев парашютпен секіру кезінде парашюті ашылмай қалып, қаза тапқан еді. Тергеу барысында оның сақтандыру құрылғысымен жабдықталмағаны анықталды. Салдарынан ол автоматты түрде ашылмаған. Қосалқы парашют аса төмен, қауіпті биіктікте қолданылған.
Сол күні әскери институттың курсанттары оқу-жаттығу кезінде парашюттен секірген. Олар Ми-8 тікұшағынан 800 метр биіктіктен секірген.
Іс бойынша екі әскери қызметкер жауапқа тартылып отыр. Тергеуге қайғылы оқиғаға әскери қызметкерлердің салғырттығы себеп болды деп көрсетті. Екеуіне де салғырттық танытты деп айып тағылды. Олар парашюттерді сақтау және беруге жауапты болған. Қайғылы оқиғадан кейін офицерлер қамауға алынды. Айыпталушылардың айтуынша, бұл іске қатысы бар адамдардың барлығы бірдей жауапкершілікке тартылмады.
“Тиісті мұқияттылық пен сақтық болған жағдайда ол бұл салдардың туындауын алдын ала болжауы тиіс әрі болжай алатын еді. Әуеде парашюттің толық істен шыққаны анық байқалып, соның салдарынан төмендеп келе жатқан адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгеніне қарамастан, курсанттың парашютін тексеру кезінде оны секіруге жіберген”, – деді Ақтөбе гарнизонының әскери прокурорының орынбасары Асылбек Темірбеков.