Ақтөбеде бірнеше жыл бойы қызын зорлаған әкеге сот үкімі шықты
Ер адам күш қолдану арқылы қызын 12 жасынан бастап, 2021 және 2023 жыл аралағында бірнеше рет қатарынан зорлап келген. Қыз бала кәмелеттік жасқа толған соң полицияға арызды өзі түсірді. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Зорлау" бабы бойынша қаралған іске үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos
Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Зорлау) 4-бөлігімен айыпты деп танылған ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
"1976 жылы туған И.Х-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Қостанай облысының тумасы. Орта білімді, жұмыссыз, отбасылы. Ақтөбе қаласында тұрады. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігімен сотқа жіберілді. И.Х айыпты деп танылып, оны 20 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Педагогикалық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Қылмыстық атқару жүйесінің қауіптілігі орташа мекемесінде жазасын өтеу бекітілсін", – деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Сонымен қатар ер адам алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі.
Іс материалдарына сенсек, ер адам қызын 2021 жылдан бастап зорлағаны белгілі болды. Жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, күштеп жыныстық қатынасқа тартқан. Оқиғаның қай кезде, қалай болғанын жәбірленушінің өзі егжей-тегжейлі, толық баяндап берген. Экспертизалық сараптама қызда психологиялық ауытқудың жоқтығын, ойдан шығармағанын анықтады.
Айыпталушы сотқа дейінгі тергеу кезінде де өз әрекетін мойындап, жағдайды баяндаған. Жәбірленуші кәмелет жасына толған соң арызды өзі түсірген.
"Қызым психолог көмегіне жүгініп жүр. Ол полицияға арызды өзі түсірді", – деді анасы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 14 жастағы жасөспірімнің анасы қызын туыс ағалары зорлағанын айтты. Жәбірленушінің анасының айтуынша, соңғы кездері қызының мінез-құлқы өзгеріп, тұйықталып қалған, депрессияға ұшыраған. 23 қыркүйекте жеке қалған кезде жеңгесі қызды құшақтап, не болғанын айтып беруін өтінген екен. Сол кезде 14 жастағы жасөспірім сырын ақтарды.