Ақтөбеде өгей шешесі сабап тастаған қызға туған анасы келді
Ақтөбеде мұнарадан секіріп қаза тапқан ерлі-зайыптыны туыстары бүгін жерледі. Владимир Шустер мен оның әйелі Әсел Дүйсенбаева 7 жасар қызын аясуыз соққыға жықты деп айыпталған болатын. Бүгін өздеріне қол салған сол екеуін райынан қайтармақ болғандардың видеосы да әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Әлеуметтік желі арқылы тараған роликте ақтөбелік ерлі-зайыптының мұнарадан секірмек болған сәті түсірілген. Владимир Шустер мен оның азаматтық некедегі әйелі Әсел Дүйсенбаеваның жақындары оларға жанұшыра айқайлап жүр. Бірақ олар ақыры көнбеді.
Куәгерлердің кейбірі ерлі-зайыптының өздеріне қол салған күні мас болғанын айтады. Бірақ әзірге тергеушілер бұл туралы тіс жармады. Марқұмдарды бүгін туыстары туған ауылдары Қурайлының шетіндегі қорымға жерледі. Ал жеті жасар Кристина өзін өлімші етіп сабаған өгей шешесі мен әкесінің өлгенінен хабарсыз. Қазір қарашадай қыздың денесіндегі жаралары жазылыпты. Тек көзінің айналасындағы қанталаған дақтары әлі тұр. Бір күн бұрын хәлін білуге туған анасы келіп кеткен. Ол да кезінде Кристинаны туа сала жетімдер үйіне өткізгенін айта кетейік.
«Мен анамды таныған жоқпын. Ол өзі айтты. Маған ұқсайды екен. Келіп тұрамын деп уәде берді. Менен басқа да балалары бар екен, – дейді Кристина Шустер.
Ал тұрғындар екі адамның өліміне себепші болған мұнараға алаңдап отыр. Осы оқиғадан кейін жастар жағы барғысы кеп тұра ма деп қорқады.
Бұл мұнараның кезінде радиохабар таратуға септігі тиген. Соңғы 20 жылдан бері істемей қаңтарылып тұр. Мұнараның иесі саналатын «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының өкілдері оны алып тастай алмайтындарын айтады. Өйткені қорғаныс саласына байланыс үшін қажет болып қалуы мүмкін екен.
Ал енді мұнараға адам шықпас үшін сатының төменгі 5 метрін қиып тастамақшы. Жан-жағын қоршап, 4 күзетші үнемі қарап жүретін болады.
Жіберіп алмаңыз:
Екібастұзда логопед тілі мүкіс баланы ұрып оқытқан
Қазақстанның басым бөлігінде күн қайта суытып жауын жауады
Көкшетауда әріптесін жалаңаш шешіндіріп қарға көміп өлтірген полицейге үкім шықты
Өркеннің туған анасы баласынан айырылатын күні жайсыз түс көрген