Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше күн бойы жатқан": Ақтөбеде мектеп маңындағы қоқыста жатқан үлкен сөмкеден мәйіт табылды

Фото: Threads

Ақтөбеде мектептің жанындағы қоқыс жәшігінен ер адамның мәйіті табылды. Мәліметке сәйкес, өңірде тағы бір адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Сәтбаев көшесінде болған. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, мәйіт №38 мектептің маңынан табылған.

Мәйіттің табылғанын Ақтөбе облыстық полиция департаменті растады.

“Мәйіттің табылу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген хабарламада. 

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жалғыз оқиға болмауы мүмкін. Ақтөбе облысының Қобда ауданынан тағы бір мәйіт табылғаны туралы ақпарат түскен. Алайда бұл мәліметті құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Тұрғындар не дейді?

Куәгерлердің айтуынша, қылмысқа күдікті әлі ұсталған жоқ, оны құқық қорғау органдары іздестіріп жатыр.

Ал тұрғындардың сөзінше, оқиғаға бір күн қалғанда қоқыс контейнерінің жанынан қатты иісі шыққан үлкен торкөз сөмке байқалған.  Бұл оқиға аудан тұрғындарын қатты алаңдатқан. Мәйіт табылған соң полиция қызметкерлері сауда орындарын аралай бастаған. Олар қытай үлгісіндегі үлкен торкөз сөмкелердің қайда сатылатынын сұрастырған.

Фото: Threads

“Бұл туралы кеше таңертең жұмысқа келгенде білдік. Айтуларынша, мәйітті үлкен торкөз сөмкеге салып, қоқысқа тастаған. Полиция келіп: “Осындай сөмкелер сатасыздар ма?” деп сұрады. Бізде бар, бірақ оларды екі ай бұрын әкелгенмін, содан бері ешкім сатып алған жоқ. Көршілер қорқып отыр, кейбірі көшіп кетеміз деп айтып жүр”, – деді сатушы.

Полицейлер қаза тапқан адамның фотосын көрсетіп, оны осы маңнан көрген-көрмегенін сұраған. Алайда сатушы ер адамды танымаған.

Күдікті сөмке туралы көрші аулада жұмыс істейтін аула сыпырушы Болат Жұмағалиев те айтып берді. Оның сөзінше, ол сөмкені полиция келгенге дейін бір күн бұрын қоқыс контейнерлерінің жанынан көрген.

“Кеше емес, одан бір күн бұрын қоқыстың ішінде үлкен торкөз сөмкені көрдім. Бұрышта тұрған. Қатты иіс шығып тұрды, бірақ ішінде не бар екенін білмедік. Келесі күні полиция келді. Бізді жақындатпады. Иіс өте қатты шықты”, – дейді ол.

Полиция келгеннен кейін қоқыс алаңының айналасы қоршауға алынып, жергілікті тұрғындарды жақындатпаған.

“Қоқыс алаңын қоршап тастады. Кейін адамның бөлшектелген мәйіті табылғанын естідік. Бұл аудан онсыз да қолайсыз саналады, тұрғындар қатты қорқып отыр”, – деді жақын маңдағы клиника қызметкері.

Оның айтуынша, оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тарала бастаған. Соның салдарынан аудан тұрғындарының алаңдаушылығы одан әрі күшейген.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 18:08