Ақтөбеде мас күйінде көлік айдаған полиция подполковнигі қамауға алынбаған
Ақтөбе сотында Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары Ерлан Балымовқа қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Лауазымды қызметкерге мас күйінде көлік жүргізді деген айып тағылған. Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 31 қазан күні болған. Балымов Ақтөбе қаласы Марат Оспанов көшесінен "Hyundai Tucson" автокөлігін масаң күйде басқарған сәтінде ұсталған.
Сот отырысында Ерлан Балымов кінәсін мойындаудан бас тартты. Сотталушы сол күні "Револьвер" мейрамханасынан жолдасымен бірге тамақтанғанын, көлік құралын жолдасы басқарғанын айтып ақталған. Сотқа берген жауабында лауазымды қызметкер мейрамханада коктейл ішкенін айтты.
Сотта тергеу кезінде түсірілген бейнебаян қаралып, айыпталушының кінәсі дәлелденді.
Сот Ерлан Балымовты 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Сонымен қатар, ішкі істер министрлігіне қарасты М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оған қатысты тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу туралы қаулы шығарды.
Айта кетейік, осыған дейін Балымовтың қызмет орнында ұйықтап жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Видео авторының айтуынша, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері полиция подполковнигі Ерлан Балымовтың қызмет орнында мас күйінде ұйықтап жатқан жеріне кіріп барған. Видеода Балымовтың ішімдікті үстел астына тығып жатқанын көруге болады.
Бұл ақпаратты Ақтөбедегі заң институтының ресми өкілі растады. Қызмет орнында мас күйінде ұйықтау әрекеті тамыз айында болған.
“Аталған қызметкер ішкі істер органдарынан теріс қылықпен шығарылды және көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды. Ішкі істер министрлігі мұндай оқиғаларға қағида тұрғысында әрекет етеді. Кез келген тәртіп пен заңдылықты бұзушылық ең қатаң жауапкершілік жазасына тартылады”, – деп хабарлайды Ақтөбедегі заң институтының ақпараттық саясат бөлімі.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында пара алды деген күдікпен полиция майоры ұсталғаны туралы жазған едік.