Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде Құранмен сендіріп, 136 адамға несие алғызған емші бостандыққа шықты

сотФото: stan.kz

Халық емшісі атымен танымал Сұлушаш Қазбаева сот залынан бостандыққа жіберілді.  Сотталушы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ жазаны екі жылдан кейін өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбе соты ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен (ірі мөлшердегі  алаяқтық) айыпталған емші Қазбаеваны кінәлі деп таныды. Іс бойынша 136 жәбәрленуші бар. Шығын- 579 млн теңге.

Адамдардың сеніміне кіріп, алаяқтық жасаған емші 6 жылға түрме жазасына кесілді. Бірақ сот жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырды.  Емші 2 жылдан кейін қамауға алынады. Сот оның 12 жасар баласы барын ескерді.

“ Кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп белгіленсін. Қылмыстық кодекстің 74 бабы 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауы 2 жыл мерзімге кейінге кейінге қалдырылсын. Сұлушаш Қазбаеваға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенше күзетпен ұстау шарасы ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық қолхатына өзгертіліп, сот залында босатылсын”,- деді судья.

Сот сотталушының тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық бақылау жүргізуді тапсырды.

Іс материалдарына сүйенсек, Қазбаева пайдакүнемдік ниетімен әрекет ете отырып, бірнеше жыл бойы алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырғаны сотпен анықталды. Қазбаева бір уақытта бірнеше жәбірленушіге несие рәсімдетіп, алдыртқан. Қазбаеваның жәбірленушілерден алған ақшаны қайтаруға мүмкіншілігі болмаған. Яғни ол ай сайынға несие төлемдерін басқа жәбірленушілерге несие рәсімдетіп, сол несие қаражаттарымен төлеп отырған. Сот Қазбаеваның кінәсі толық дәлелін тапты деп санайды.

Жәбірленушілер үкіммен келіспейді.

“ Жұмыс істеймін, оқушы, студент балаларым бар. Алатын айлығым 92 мың. Мен екі несиені жабамын деп айта алмаймын. Сот шешімі де әділ болмады. Өйткені банк қызметкерлерінің қатысы бар. Оларды тергемеді. Енесін, күйеуін де тергемеді. Сұлушашта бала болса, менде де бала бар. Банкке мені ертіп апарды, миллионды сұратқан өзі. Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылынан келіп отырмын. Қосымша жұмыс жоқ ауылда. Жолдасым ауырып, өзім ғана жұмыс істеймін үйде. 5 млн теңге несиені қалай өтеймін”, - деді Марал Жаманбаева
Сотталушы тарап үкімге риза, шағым түсірмейтінін айтты.

“ Кішкентай қызы қант диабетіне шалдыққан. Соған байланысты сот барлық мән-жайлы ескерді деп ойлаймыз. Апелляциялық шағым жазбаймыз, үкімге ризамыз. Қазбаева халықтың шығынын төлейді деп ойлаймыз. Өзі мен өтеумін, ешкімнің ақшасын жемеймін деді. Қаржылық сауаттсыздық деп ойлаймыз. Ол несиені өтеп келген. Барлық өзіне алған міндеттерді орындап келе жатыр”,- деді сотталушының қорғаушысы.

Прокуратура апелляциялық шағым түсіру туралы сұрақты нақтыламады.

“ Апелляциялық шағым түсіріп, түсірмейтінімізді қазір айта алмаймыз. Себебі үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкім прокуратураға түскеннен кейін шешімін, заңдылығын тексереміз. Қылмыстық кодекстің 74 бабына сәйкес егер сотталушыда кәмелетке толмаған балалары болса онда сот өзінің құқығын пайдаланып 2 жылға кейінге қалдырады. Сот азаматтық талаптың көбін қанағаттандырды, кейбірінен қарағаттандырудан бас тартты, азаматтық тәртіпте қаралуға жататынын айтты. Шығын 579 млн теңге”,- деді прокурор Усман Орынбасарұлы.

Факт
    •     Сотталушының жасы — 51-де
    •    Өз айтуынша, 30 жыл бойы халық емшісі болған
    •    Қамауға алынған уақыты — 2025 жылғы қаңтар
Істе 136 жәбірленуші бар, шығын - 579 млн теңгені құрады.
 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 14:53
Талқылау