Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көлік жуушы машинаны айдап кетіп, жол апатына ұшырады

Ақтөбеде көлік жуушы клиенттің көлігін айдап кеткенФото: Freepik.com

Ақтөбеде көлік жуушы тұрғынның көлігін ұрлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбелік тұрғын Смағұлов көшесіндегі көлік жуу орталығына барып, өзінің Toyota көлігінің салонын химиялық тазалаудан өткізуді сұраған. Ол көліктің кілтін қызметкерге қалдырып, үйіне қайтып кеткен. Қызметкер кілттің өзінде болғанын пайдаланып, бөтен көлікке отырып, Қарғалы тұрғын алабына шаруаларымен барып қайтқан. Алайда кері қайтып келе жатқанда жол апатына ұшыраған. Соқтығыс салдарынан зақымданған көлікті көлік жуу орталығының маңына әкеліп қойған.

Көлік иесі темір тұлпарының айдап әкетілгенін тек келесі күні полиция қызметкерлері хабарлаған кезде білген. Шетелдік көлікті жөндеуге ол шамамен 500 мың теңге жұмсаған.

Көлік жуу орталығының қызметкеріне қатысты “ұрлау мақсатынсыз көлікті заңсыз айдап әкету” бабы бойынша іс қозғалып, ол сот алдында жауап берді. Айыпталушы кінәсін мойындап, көлік иесінің машинасын мас күйде емес, есін біліп айдағанын айтып, өзіне қатаң жаза қолданбауды сұраған.

Жәбірленуші айыпталушыдан тек келтірілген шығынды өтеуді талап етіп, жаза мәселесін соттың қарауына қалдырған.

Сот шешімімен көлік жуу орталығының қызметкері бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Осы мерзім ішінде оған ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынады, ал жұмыстан кейін үйінде болуға тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық көлік жуу орталығына барып, құны 20 млн теңге тұратын Land Cruiser көлігінен айырылып қалғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 11:25