Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қызметкер қарттар мен мүгедектердің банктік карталарынан ақша шешіп отырған

Сенген серкем сен болсаң! Ақтөбеде қарттар мен мүгедектер үйінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер зейнеткерлердің сеніміне кіріп, артынан банктік карталарынан ақша шешіп алып отырғаны анықталды.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін кімдер және қалай ала алады? Министр жауап берді

Былықтың барын басшылық арнайы тексеріс кезінде бір-ақ білген. Қариялардың қалтасындағы ақшаға көз салған қызметкер кім? Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Анатолий Кузобов интернаттың байырғы тұрғындарының бірі. Әлеуметтік қызметкердің бірі банктік картасының мерзімі өтіп бара жатқанын айтып, ауыстыру қажеттігін айтты дейді. Зейнеткер банкоматтың тілін білмегендіктен, қызметкерге сеніп, картасын қолына ұстатып жіберіпті. Кейін жаңасын әкеп берген. Бірақ, зейнеткер әлеуметтік қызметкер өз картасынан ақшасын суырып алды ма, жоқ па нақты білмеймін деп отыр.

"Маған карточкамды әкелгенде, ашық-шашық болды, жанында бір цифрлар жазылған қағаз болды. Кейін прокурорлар келді, тергеуші болды, менің картамды суретке түсіріп алып, алып кетті", - деді ол.

Интернатта 223 адам тұрса, соның 96-сы 1 және 2-топтың мүгедегі. Олардың барлығы зейнетақы мен жәрдемақы алатындар. Әлі келгендер қаржыны банкоматтан өздері шешеді. Ал шамасы келмейтіндерге әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі екен.

«Егер де қызмет алушы нотариус арқылы сенімхат берген жағдайда алуға болады. Онда да қасында психолог, заңгер болуы керек. Тексеріс кезінде айтқан болып тұр ғой үлкен адамдар. Осыған байланысты ол әлеуметтік маманды жұмыстан уақытша шеттетілді», - деді облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі директорының орынбасары Сән Нұрышева. 

Интернат тұрғындарының қанша қаражаты қолды болды? Әлеуметтік қызметкер олардың банктік картасын қалайша емін-еркін пайдаланған? Осы сауалдарды құзырлы органға жолдағанбыз. Прокурорлар істің мән-жайын тергеп-тексеру аяқталған соң баяндайтындарын хабарлады.

Ақтөбе қаласының Алматы ауданы прокуратурасымен жоғарыда аталған мекемеде тексеру жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар жинақталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осыған байланысты нәтижесі қосымша хабарланады.

Интернат үйі басшылығы қарттар мен мүгедектерге көмектесетін әлеуметтік қызметкерлердің саны 6 дейді. Алайда, қазір бесеуі қалыпты. Былыққа қатысы бар бір қызметкерді тексеру аяқталғанша жұмыстан шеттеткен.

Талқылау