Ақтөбеде итті пышақтаған бала жауапкершілікке тартылмайтын болды
Ақтөбеде итті бірнеше рет пышақтап, аяусыз тепкілеген жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Полиция бала 14 жасқа толмағандықтан, істі тоқтатқан. Оқушы Тараз қаласындағы арнайы білім ошағына жіберілуі мүмкін. Түпкілікті шешімді сот шығарады.
Үй жануарына асқан қатыгездік көрсеткен баланың видеосы әлеуметтік желіге жарияланып, жұрт жағасын ұстады. 9-сыныптың оқушысы байлаулы итті қинаған. Төбетке бірнеше жерден пышақ сұғып, тепкінің астына алған.
Жеткіншектің әрекетін қасындағы балалар қолдап тұрған. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері итке қорлық көрсеткен оқушы мен оның ата-анасына қатысты материалдар сотқа жолданғанын жеткізді.
Еске салайық, Ақтөбедегі ауылдардың бірінде оқушы мойнына жіп байланған итті сүйреп, қатыгездікпен пышақтап тастағаны туралы хабарлаған едік. Кейін баланың мектепішілік есепте тұрғаны белгілі болды.