Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде түнгі клубтың күзетшілеріне келушілерді қатігездікпен өлтірді деген айып тағылды: Тоғыз адам ұсталған (видео)

Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласында екі азаматты өлтірді деген күдікке ілінгендердің барлығын анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін полиция аса ауыр қылмыс жасады деген 3 күдіктіні ұстаған болатын.

Облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан елді мекендердің бірінде тағы 6 күдікті ұсталды.

“Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ полиция оқиға туралы мән-жайды айта кетті. 

“Ақтөбе қаласындағы "Оазис" монша кешеніне қарама-қарсы Елек өзенінің жағасындағы орман алқабынан 1991 жылы туған А.Т. Көшкімбаевтың мәйіті табылды. Оның сол жақ жамбасына пышақ жарақаты салынған, сол жақ көзінің айналасы және оң жақ маңдай бөлігінің ісініп кеткен. Дене-басындағы көгерулер оның зорлықпен өлтірілгенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ мәйіттен 20 метр жерде 1995 жылы туған С.Ж.Түлеуовтің мәйіті табылды. Оның да сол жақ бөксесін де пышақ жарақаты, сол жақ самай бөлігінің ісінуі, денесінің көгеру түріндегі зорлық-зомбылық белгілері бар”, – делінген хабарламада. 

Бұнымен қоса көз жұмған азаматтардың бұрын сотталғаны белгілі болды. Көшкімбаевтың кәмелетке толмаған қызы бар. 

“Тергеу нәтижесінде 25 қазан күні Көшкімбаев пен Түлеуовтің таныстары Жақыпов Е.А. және Теміров Б.С-мен бірге Темір ауданынан Ақтөбеге армрестлинг жарысына келгені анықталды. Сол күні олар сағат 23:00 шамасында “Миллионер” түнгі клубына барған. Аталған мекеменің күзетшілері мен азаматтардың арасында жанжал шығып, олар соққыға жығылған.  Осыдан кейін күзетшілер оларды ес-түссіз күйде сыртқа алып шығып, автокөліктерінің жүк салғышына салған. Жолда Жақыпов Е. мен Теміров Б. қашып үлгерген”, – делінген полиция хабарламасында.

Оқиға клубтың видокамерасына түсіп қалған. Бастапқыда төбелес клубтың алдында басталған, артынша фойеде жалғасыпты. 

“Үш адамнан түсініктеме алынды. Олар өздерінің адам өліміне қатысы бар екендерін мойындамаған. Зардап шегуші күдіктілерді танып, олардың “Миллонер” клубында адамдарды соққыға жыққанын айтты”, – делінген хабарламада.

Бұдан басқа Миллионер клубының күзетшілері қамауға алынды. 

“Олар: Мырзабаев Айсұлтан, 2000 ж.т., Хасенов Өмірбек, 1996 ж.т, Мұхамбетшәріп Хангелді, 1998 ж.т., Ерманов Темірлан, 1997 ж.т, Исенғарин Рахат, 2001 ж.т, Қосанов Тоқтар Қойшы, 2000 ж.т. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралды”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Ақтөбеде Нокин көшесінің бойында Елек өзенінің жағасынан екі мәйіт табылған болатын.

Талқылау