Ақтөбеде әйел танысының қызын грантқа түсіремін деп 100 мың теңгеге алдап кетті
Ақтөбе қаласында әйел бірнеше алаяқтық жасағаны үшін сот алдында жауап берді. Ол танысының қызын грантқа түсіруге уәде беріп, 100 мың теңгесін алып алдап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Сотталушы 2023 жылдың қаңтар айында "WhatsApp" әлеуметтік желісінде топтық чат ашып, ондағы адамдарды Қытайдан арзан бағамен киім-кешек пен ыдыс-аяқ әкелемін деп алдаған. Жәбірленушілер сотталушының сөзіне сеніп, оның шотына 82 400 теңге аударған.
Онымен қоймай, 2024 жылдың шілде айында айыпталушы өзінің танысымен әңгімелесіп отырып, одан қызын медициналық колледжге түсуді жоспарлап отырғанын естіген. Сөйтіп оны медициналық колледжге грантқа түсуге көмектесетін танысым бар деп сендіріп, еңбекақы ретінде 100 000 теңге қажет екенін айтқан. Танысы оған сеніп, қызын грантқа түсіру үшін 100 000 теңге көлемінде ақша берген.
Нәтижесінде сотталушы бұл қаражатты заңсыз иемденіп, оны өзінің жеке қажеттілігіне жұмсаған.
“Сот отырысында сотталушы Б тағылған айыпты толық мойындады. Сотталушы кінәсін мойындап, жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынып, кінәсі түбіртектермен және іске қоса берілген құжаттармен расталды. Оның екі баласы барын ескеріп сот мұны қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды”, – делінген хабарламада.
Сотталушы өз ісіне өкініп, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтегендіктен сот оған 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талап-арыздары олардың өтініші бойынша қараусыз қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.