Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде алаяқ адамдарды медицина университетінің грантына түсіремін деп алдап кеткен

Ақтөбеде алаяқ медицина университетінің грантына түсіруге уәде етіп, халықтан ақша алған. Ол үш жылдық жазасын бостандықта жүріп өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Ақтөбе қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша іс қаралды. Айыптау актісіне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар айында сотталушы өзінің таныстарына "барлық жерде таныстарым бар" деп алдап, медицина университетінің грант бөліміне оқуға түсіруге уәде еткен. Бұл қызметі үшін ақша сұраған. 

"Жәбірленушілердің сеніміне кіріп, өз қызметінің ақысын айтып, қаражатты қолма-қол және анасының есепшотына аударып алған. Салдарынан 3 жәбірленушіге жалпы 5 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Сот отырысында сотталушы айыпты толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкінетінін, жәбірленушілерге келтірген залалды толық өтегенін айтты. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жылына 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін алаяқтар желі арқылы жоқ брендтік заттарды миллион теңгеге сатқан.

Талқылау