Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде алабай көшедегі адамдарға шабуылдады (видео)

Ақтөбеде иесіз жүрген алабай көшедегі адамдарға шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Ақтөбеде 17 жастағы жасөспірімнің қолынан иесіз жүрген алабай тістеп алды.

Оқиға 15-нен 16 желтоқсанға қараған түні болған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Видео авторының айтуынша, ер адам сол күні кешкі сағат 22:30 шамасында бауырымен итін серуендетуге шыққан. Жазбада көшеде бос жүрген алабайдың оларға шабуылдағаны, итін қорғап үлгергені жазылған. 17 және 20 жастағы ер адамдардың бірі итімен бірге үйге, екіншісі көлікке жасырынып үлгереді. Оқиға орнына участкелік инспектор мен ветеринария мамандары шақырылған. Иесіз иттің жансыздандырылғаны айтылды.

“16 желтоқсан күні Ақтөбе қаласының ветеринариялық станциясына участкелік полициядан шағым түсті. Алабай тұқымды қаңғыбас ит 2004 және 2007 жылғы екі азаматқа шабуылдағаны хабарланды. Қаңғыбас ит жансыздандырылды. Бүгінгі таңда патологиялық материалы құтыру ауруын зерттеу үшін облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді”, – делінген Ақтөбе облысы ветеринария басқармасының хабарламасында.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы да оқиғаны растады. Жарақат алған тұрғын амбулаториялық бақылауға алынған.

“17 жастағы ер бала. Қолының бір жерінде жарақат бар. Алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді. Екпе алды. Жарақат қауіпті емес. Тұрғылықты мекен жайы бойынша дәрігердің бақылауында”,- деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Талқылау