Ақтөбеде 84 жастағы қария студент атанды
Ақтөбеде 84 жастағы қария университетке барып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: istockphoto.com
Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетте 50 жастан асқан қала тұрғындарына арналған курстар басталды. Бұл курстарда олар тілдерді үйреніп, цифрлық сауаттылықтарын арттырып, тігін тігіп, би билеуді, шахмат ойнауды меңгеріп, емдік дене шынықтырумен және психологиямен айналысады.
Ұзақтығы 2,5 айға созылатын курстар үлкен сұранысқа ие. Мысалы, өткен жылы бұл курстардан 65 тыңдаушы өтсе, биыл олардың саны 180-ге жеткен. Оқушылардың орташа жасы – 65 жас. Қатысушылардың ең үлкені 84 жаста екен. Барлық қатысушылар тегін білім алады.
Қазақстанда жасы 100 жастан асқан 420-дан астам қария бар: Ең қарт адам қай аймақта тұрады
Зейнеткерлердің алға қойған мақсаттары үлкен, олар бизнес ашуды, немерелеріне білім беруді көздейді.
"Мен Ресейде туып, сонда оқып, жұмыс істедім. Зейнетке шыққаннан кейін тарихи отаным — Қазақстанға қоныс аудардым. Қазақ тілі курстары туралы естігенде бірден жазылуды шештім, өйткені тілді білмеймін. Жалпы, жоба маған өте ұнайды”, – дейді қатысушылардың бірі Салтанат Тілегенова.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында 100 жастағы қария TikTok желісінде видео түсіріп жүргені туралы жазған едік.