Ақтөбеде 5 жасар қыз аттракционға мінемін деп саусағынан айырылды
Фото: tengrinews.kz
Ақтөбеде 5 жастағы қыз балалар ойын-сауық орталығында ойнап жүріп саусағынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 21 тамыз күні болған. Аттракционға міну кезінде баланың қолы механизмге қысылып, соның салдарынан саусағы толық үзіліп түскен. Жараланған қыз облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген, алайда дәрігерлер саусақты сақтап қала алмапты.
"Жарақаттық ампутация – саусақ жоқ. Саусақ бұралып, қатты зақымданған. Саусақты алып келді, бірақ қалпына келтіруге ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан біз тек жараға хирургиялық таңу жасадық", – деді Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Қуантай Махамбетов.
Қыздың анасының айтуынша, отбасы балаларымен бірге мектепке дайындалып, қажетті заттарды алу үшін Қобда ауданынан Ақтөбеге келген. Балалар ойын-сауық орталығында ересектердің қарауынсыз болған.
"Төменгі жағында ашық механизм болды, тізбек айналып тұрған. Қызым соған жармасып еді, қолы қысылып, саусағы толық үзіліп кетті. Барлығы ашық, қауіпсіздік жоқ. Неге ешкім бақыламайды? Оның үстіне ол тым төменде орналасқан, бала оңай қол жеткізе алады. Бізге енді мүгедектік рәсімдеу керек", – деді жарақат алған қыздың анасы.
Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Қыздың анасы ойын-сауық орталығын сотқа беріп, материалдық және моральдық шығынның өтемақысын талап етпек.
Ақтөбе облыстық полициясы бұл жағдай бойынша қылмыстық кодекстің "қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды не қызметтерді орындау" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

"1 жастағы науқасқа етеккір келді": Қазақстандық гинеколог жыныстық жетілудің жасы қысқарып жатқанын айтып дабыл қақты
