Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 1,3 миллиард теңгеге салынған веложолаққа байланысты шенеунік сотталды

Ақтөбеде сот бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Құсмұхамбетовті үш жылға бас бостандығынан айырды. Оны 1,3 миллиард теңгеге бағаланған веложолақтар құрылысы жобасын іске асыру кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Мәліметтерге сенсек, 2021 жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі "Global Construction Development" ЖШС-мен веложолақтарды жабдықтау туралы келісімшарт жасасқан. Алайда тексеріс барысында жобаға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманың болмағаны анықталды. Бұған қарамастан, мердігер орындалмаған жұмыстар үшін 665 миллион теңге алған, оның ішінде 34 миллион теңгеден астамы негізсіз төлемдер болып шықты.

Сот Құсмұхамбетовті Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп тауып, оны үш жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарында жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

"Сотталушы қажетті құжаттарсыз келісімшартқа қол қойып, соның салдарынан көп миллиондық қаржы ұрланды. Сот оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды", – деп үкімді судья оқыды.

Құсмұхамбетовтің адвокаттары оның кінәсіз екенін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

"Қорғалушым тек келісімшартқа қол қойды, бірақ қаржыны басқарған жоқ. Одан кейін бұл бөлімде төрт басшы ауысты, ал қаражат мәслихаттың шешімімен кезең-кезеңімен бөлінді", – деп атап өтті адвокат Бауыржан Иманов.

Сонымен қатар сот Ақтөбе облысының әкіміне жеке қаулы шығарып, аталған заңбұзушылықтарға байланысты шара қабылдап, оның нәтижесі туралы сотқа есеп беруді талап етті.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мұғалжар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үй түріндегі 70 пәтерлі жатақхананы сатып алу арқылы 672 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. 

Талқылау