Ақтөбеде 100 жастағы қария ұзақ жасаудың құпиясын бөлісті
Ақтөбелік Айжамал Мырзағалиева бүгін 100-ге толды. Бір ғасыр жасаған кейуана ұзақ өмір сүрудің құпиясы еңбек пен дұрыс ойлау екенін айтады.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
– Жастайымнан еңбекке араластым. Он жеті жасымнан колхоздың сиырын саудым. Қазіргідей мына жұмыс ұнайды, мынаны жасамаймын деген болған жоқ. Сиыр сауудан босасақ, шөмеле үйдік. Қол қусырып қарап отырмадық. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін еңбек еткен заман болды. Алланың маңдайыма жазғаны шығар, осы өміріме шүкір деймін, – дейді Айжамал Мырзағалиева.
100 жасаған әже әлі тың, өзі жүріп- тұрады. Үлкен кісінің жасын берсін деп, бата сұрайтындар көп. Сондықтан, ешкімнің көңілін қимайтын әже той-томалақтан қалмауға тырысады. Келіндері Айжамал апа жасы 75-ке келгенше сиыр сауып, үйдің шаруасын дөңгелетіп отырғанын да сөз етті. Қазір Айжамал апаның балаларының алды 82- жаста. 17 жасында отасқан жұбайы Оразғали ақсақал 24 жыл бұрын бақилық болыпты. Қазір қария жеті баладан 16 немере, 27 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отырған жайы бар.
– Шал екеуміз үкіметтің жұмысы деп жүрдік. Балаларды бағып-қағумен енем айналысты. Әженің тәрбиесін алған бала жаман болмайды, – дейді Айжамал Мырзағалиева.
Айжамал әже әдемілікті жаны сүйеді. Әтірін сеппей, қонаққа бармайды. Талғампаз қария иіссулар коллекциясын жиі ауыстырып тұрады екен. Тағы бір қасиеті- сәнді киініп жүргенді ұнатады. Сондықтан, әжелерінің сырын біліп алған немерелері, келіндері сыйлық таңдарда еш қиналмайды.
– Әжем өте- сәңқой. Әдемі матадан қалағанын тігіп алады. Ине жіпті де өзі сабақтайды,- дейді немересі. 100-ге толған қарияны бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов құттықтап, сый-сияпат жасады. Ақтөбеде 100-ден асқан 19 қарт тұрады.
Жіберіп алмаңыз:
Пәкістандық 13 жасар қызын 36 жастағы мүгедекке беріп, орнына тоқал сұраған (фото)
Ақтау дәрігерлері Жаңа жыл түнінде жүкті әйелді құтқарып қалды
2017 жылы қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады
Алматыда аса ірі жол апаты: “жедел жәрдем” көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты