Ақтөбеде 1-сынып оқушысын мектепке барар жолда ит талап өлтіргені туралы ақпарат тарады
Ақтөбеде №16 мектептің 7 жастағы оқушысы 28 ақпанда таңғы 07:30 шамасында үйінің ауласында есінен танып, қайтыс болды. Анасы мен әпкесінен бұрын сыртқа шыққан бала құлап қалған. Жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Бұған дейін денсаулығына қатысты шағым болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: life.ru
Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға 28 ақпан күні таңғы 07:30 шамасында Маресьев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болды. №16 мектептің 7 жастағы оқушысы көз жұмды. Ол анасымен және әпкесімен бірге мектепке баруға жиналып жатқан.
Алайда Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бала анасынан және әпкесінен бұрын сыртқа шығып, аулада есінен танып құлап қалған. Жедел жәрдем шақырылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, шақыру 07:39-да түскен, 07:44-те жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен. Бала үйде болған, анасы жанында тұрған. Дәрігерлер келгенде ол клиникалық өлім жағдайында болған. Дер кезінде көрсетілген 30 минуттық реанимациялық шараларға қарамастан, баланы құтқару мүмкін болмады. Бұған дейін бала денсаулығына қатысты мүлдем шағым айтпаған, диспансерлік есепте тұрмаған.
Бұған дейін WhatsApp арқылы тараған хабарламада баланы қаңғыбас ит талап өлтірді деген ақпарат тараған еді. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарып, баланың денесінде қандай да бір зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін, киімі бүтін болғанын хабарлады. Кейінірек баланың қаңғыбас иттен қорқып, жүрегі жарылып көз жұмғаны туралы ақпарат пайда болды.
Білім басқармасы бұл жағдайға қатысты мұғалімнің қате түсініп, дұрыс емес ақпарат бергенін мойындады. Қазір полицейлер бала қайтыс болған жердегі бейнебақылау камераларын тексеріп, сараптама нәтижелерін күтіп отыр. Бұл баланың нақты неден қайтыс болғанын анықтауға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада ауруханада бір жарым жастағы қыз бала көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер рентгеннен бөгде затты байқамаған және баланы бронхитпен емдеген. Кейін бүлдіршіннің жағдайы күннен күнге нашарлай берген. Аминасының анасы әділдікке қол жеткізіп, қызының өліміне кім кінәлі екенін анықтағысы келеді. Ол дәрігерлер неге уақытында қауіпті бөгде затты байқамай, қызын құтқара алмағанын білгісі келеді. Әйел Қызылорда облыстық полиция басқармасына шағым түсірген. Жақын арада құжаттар денсаулық сақтау министрлігі мен бас прокуратураға жіберіледі.

Биыл жазда шетелде демалу құны қанша? Вьетнам арзандап, ал Түркия қымбаттаған
