Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе тұрғыны лас вагондар үшін "Жолаушылар тасымалынан" 100 мың теңге өндіріп алды

Ақтөбе тұрғыны сот арқылы “Жолаушылар тасымалы” акционерлік қоғамынан лас вагондар үшін моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Facebook

Былтыр тамыз айында ер адам кәмелетке толмаған қызымен Атырау-Ақтөбе бағытында қатынайтын пойызға билет сатып алған. Пойызға мінгеннен кейін ол вагон санитария талаптарына сай емес екенін көрген.

Жолаушылар шаң, кір, сондай-ақ краннан тот басқан су ағып жатқанына ашуланған. Олар вагон бригадиріне орнын ауыстыру немесе басқа жерге көшіру туралы өтініш айтқанымен, бригадир өтінішті орындаудан бас тартқан. Сөйтіп ер адам көлік полициясының қызметкерлерін шақырған.

Оқиға орнына келген қызметкерлер санитария талаптары бұзылғанын байқап, оны фотоға және видеоға түсіріп әкеткен. Осыдан кейін талапкер сотқа жүгініп, билеттердің құнын қайтаруды және моральдық шығынды өтеуді талап етті.

“Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының биыл 12 наурыздағы шешімімен "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамынан екі жолаушының әрқайсысына 50 мың теңгеден моральдық шығын және 200 мың теңге өкілдік шығыс өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ”, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Айжамал Сүндет. 

Бұған дейін бас көлік прокуратурасы "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясынан өрескел жүйелік заңбұзушылықтарды анықтағанын жазған едік. 

Талқылау