Ақтөбе тұрғыны дәрігерлер ұмытып кеткен дәкені тамағынан өз бетінше суырып шығарған (видео)

Ақтөбе тұрғыны омыртқасына жасалған күрделі отадан кейін мойнындағы іріңдеген жарадан дәрігерлер ұмытып кеткен дәкені өз бетінше шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023 жылдың қазан айында Ақтөбедегі медициналық орталықта ер адамның омыртқасындағы жарық алынып, омыртқааралық диск протезі орнатылған. Алайда науқастың ауруы басылмай, отаның орны іріңдеп, ауырсынулар пайда болған.
Ер адам тамағының аймағында бөтен зат барын сезіп, оны қолмен ұстап, іріңге толы дәкені алып шыққан. Ер адам дәкені шығарған сәтін видеоға түсіріп алған. Кейінірек сот-медициналық сарапшылар дәкенің ота кезінде қалдырылғанын, бұл жараның іріңдеуіне және денсаулыққа орташа дәрежедегі зиян келуіне себеп болғанын растаған.
“Жараның іріңдеуі мен медициналық көмек көрсетудегі қателік арасында тікелей байланыс бар. Бөгде зат техникалық қателік салдарынан қалдырылған”, – делінген сарапшылардың қорытындысында.
Дәлелдерге қарамастан, аталмыш оқиға байланысты қозғалған қылмыстық іс екі рет жабылып қалған. Алғашқы іс "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен жабылса, екінші рет істің мерзімі өтуіне байланысты тоқтатылған.
Тергеу соты бұл шешімдерді күшін жойған соң, полиция жаңа сараптама тағайындаған. Бұл жолы қорытындылар мүлде басқаша болған: "дәрігерлер ота кезінде мұндай дәкелерді қолданбайтыны", ауруханадағы құжаттар бойынша ауруханада бәрі дұрыс деп көрсетілдіктен, кінә жоқ екені" айтылған.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға түсініктеме беріп, дәрігерлердің кінәлі екенін растайтын нақты деректер жоқ екенін атап өтті.
"Стационарда құрал-жабдықтар қатаң есепке алынады. Науқас әртүрлі ұйымдардан қызмет алған. Дәкенің үйде шығарылғаны қабылданбайды. Көмек көрсетуде қателіктер анықталған жоқ", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма бұл жағдай дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енгенге дейін болғанын, сондықтан жаңа ережелер аясында тәуелсіз сараптамаға жатпайтынын атап өтті.
Ақтөбе тұрғыны бұл шешіммен келіспейді және істі тоқтату туралы шешімге қарсы шағымдануға ниетті.