Ақтөбе соты бір-бірімен шаш жұлысып, төбелескен абысынды-келінге үкім шығарды
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Ақтөбеде бір үйдің екі келіні бірін-бірі сотқа берді. Әрқайсысы бөлек-бөлек адвокат жалдаған. Отбасы мүшелері топ болып, қылмыстық іске куәгер ретінде келді. Сот екеуіне де айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе қалалық соты келіндер шағымын Қылмыстық кодекстің 109-1 бабы “Ұрып-соғу” бойынша қарады. Екі келіннің арызы сотқа қатар түсті. Екеуі де “Ұрып-соғу” бабымен бірін-бірі айыптаған.
Сотқа жеткен отбасындағы айқай-шу Ақтөбе қаласында 2025 жылы 6 мамыр күні болған. Сот үкімі бүгін шықты. Іс материалдарына сүйенсек, үйдің кенжесі келіншегін мінгізіп, ағасының ГАЗель көлігін жеке шаруаларына айдап кеткен. Жанжал осы жерден басталған.
“Күйеуім екеуміз ГАЗель көлігін алып, менің шаруаларым бойынша шықтық. Екі сағаттан соң үйге келдік. Дәлізде абысынымды көрдім. Бір қолымда бала, екінші қолымда пакет болды. Сол кезде Әйгерім “көлікті неге аласыңдар?” деп ашуланды. Оған мән бермегендей болдым. Ол қасыма келіп, сол жақ иығымды дөрекі түрде түртіп, шымшып “бері қара” деп өзіне қарай тартты. Қолымдағы балам жылады. Ортамызға менің күйеуім тұрып алды”, – деді кіші келін Арайлым.
Келіндер арасындағы жанжал әрі қарай үйде жалғасқан. Жауаптарында бір-бірінің шаштарынан тартып, 5 метрге дейін қалай сүйрегендерін айтып берді. Араларына енесі, күйеулері түсіп, әрең ажыратқан. Үйге полиция шақырған.
Бөлек шыққан ортаншы келін ата-енесінің ауласында тұрған күйеуінің көлігін қайын інісінің мінуіне қарсы.
“ГАЗель сол үйде бірнеше жылдан бері тұр. Себебі жолдасымның жұмысы сол жақта. Мен оларға біздің көлікті пайдаланбау туралы талап қойдым. Бірақ олар тыңдамай, айдап кетіп жүрді. Сол күні шай ішуге барғанда аулада көліктің жоқ екенін көрдім. Ашуланып, айқайластық. Қайын інім араласты. Мен оған қатысты сотқа бөлек шағым түсірдім", – деді үлкен келін Әйгерім.
Фото: Stan.kz
Іс бойынша отбасы мүшелері, куәгер ретінде күйеулері, енесі жауап берді. Сотта үйдегі айғай-шу кезінде түсірілген видео қаралды. Айтуларынша, келіндер арасындағы ашу-араздық 2-3 жыл бұрын басталған. Бір-бірімен сөйлеспейді. Үлкен шаңырақта ата-енесімен 5 жыл бірге тұрған кіші келін Арайлымның екі баласы бар, жанжалдан кейін бөлек шыққан. Үлкен келіні Әйгерімнің төрт баласы бар, бөлек тұрады. Екі келіннің ісін екі судья қарады, оларды татуластыруға тырысты.
“Жас балаларыңыз бар. Бір әулеттің келінісіздер. Екеуіңізге де қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол ертең балаларыңыз қызметке келгенде кері әсер беруі мүмкін. Сіздердің араларыңызда ашу араздықтан бас тартып, бітімгерлікке келу мүмкіндігі бар ма? Ойлануға уақыт қажет па?”, – деп сұрады судья Кусаев.
Үлкен келін бітімгерлікке келуге келіскен жоқ. Екі судья да екі келінді кінәлі деп таныды. Екеуі бір-біріне 25 АЕК (98 300 мың теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
“Сол күні араларыңызда жанжал болғаны анық, мұны ешкім жоққа шығармайды. Екеуіңіз бір-біріңіздің шашыңыздан тартып, дене жарақатын келтіргеніңіз дәлелденді. Кәмелет жасқа толмаған бала болғандықтан қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза, сонымен қатар қамаққа алу түріндегі жаза тағайындауға жатпайды. Тек айыппұл төлеу жазасы қарастырылды”, – деді судья Әлиева.
Сонымен қатар сот кіші келіннің талап арызын ішінара қанағаттандырды. Абысынға кіші келін пайдасына адвокатқа жұмсаған 250 мың теңге және моральдық шығын ретінде 80 мың теңге өндіруді міндеттеді. Сот мұнымен бітпеді. Тараптар апелляциялық сотқа жүгінбек.
Желі қолданушылары никабқа тыйым салуды "әйел құқығын шектеу" деп атады
"Енді ешкімге кіндік шеше болмаймын деп шештім"
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда келін өзін балағаттаған енесін сотқа бергенін жазған едік. Әкімшілік іс "отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер" бабы бойынша Қазалы аудандық сотында қаралды. Белгілі болғандай, ене келініне балағат сөздер айтып, оған құрметсіздік танытып, отбасы тыныштығын бұзған. Келіні енесінің ауыр сөздеріне шыдай алмай, соттан шара қолдануды сұрап, шағым түсірген.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
