Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысының тұрғындары апат көбейгенін айтып, бұған такси жүргізушілерінің жауапсыздығын кінәлады

Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының тұрғындары тіркеусіз жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілеріне наразылығын білдірді. Өйткені олардың жауапсыздығынан жол апаты жиіледі дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Тұрғындардың айтуынша, жүргізушілер адамдардың өміріне қауіп төндіріп, басқа көліктермен жарысады. Сондықтан да рейд жүргізіп, такси қызметімен айналысатындарды бақылауға алса дейді.

Үш апта бұрын 23 жастағы мұғалім Аяна Утеева мінген такси жол апатына ұшырап, ол төсекке таңылған. Жүріп-тұра алмай қалды. Бойжеткеннің жамбас сүйегі мен қабырғасы сынып, миы шайқалған. Айтуынша, жоғары жылдамдықпен жүрген жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалыпты. 

“Жүргізушілер ережені сақтамайды. Қалай болса, солай жүре береді. Жоғары жылдамдықпен жүреді. Үнемі телефонға қарайды. Прокуратура, полиция жүргізушілерін тексерсін. Көліктерінде дәрі-дәрмек қорабы да жоқ”, – дейді Аяна Утеева.

Жәбірленушінің айтуынша, аударылып, сау-тамтығы қалмаған жеті орындық көліктің ішіндегі адамдардың бәрі ауыр жарақат алған. Оның екеуі бала. 



“Сақтанған жақсы ғой. Сақтансаң сақтайды дейді. Газель бар, такси бар. Таңертең жұмысқа бара жатқандар көбі таксимен барады ғой. Көбі қалаға қатынап істейді. Камера қою керек. Ресми тіркелмегендерді тексеру керек”, – дейді Сарыжар ауылының тұрғыны Серікқали Далин. 

Шенеуніктер мәселені реттеуге кірістік, бірақ бұл саланы бір жүйеге келтіру оңай емес дейді. 

“Тексерістер жүргізіледі. Заңсыз тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарын анықтау бойынша мобильді топтар құрып жатырмыз. Салық басқармасы ішкі істер бөлімімен бірлесіп, оларды анықтау жұмыстары қазір кең көлемде жүргізіліп жатыр”, – дейді  Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Қалимағамбетов. 

Бұл ресми тіркелмеген такси жүргізушілерінің қатысуымен болған алғашқы жағдай емес. Мәселен, екі жыл бұрын Ырғыз ауданында Олимпиадаға жол тартқан көлік апатқа ұшырап, бір мұғалім мен екі оқушы көз жұмған. Былтыр Хромтау ауданында балаларды футбол жарысына апара жатқан минивен жүк көлігімен соқтығысып, сегіз адам қаза тапқан еді. Оның бесеуі бала.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жантүршігерлік жол апатынан 1 адам көз жұмып, тағы 4 адам жарақат алғаны туралы жазған едік. 

Талқылау