Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында жасөспірім оқушыны ұрып өлтіргені үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды

Ақтөбе облысында жасөспірімді өлтірген 17 жастағы оқушы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкім таңертең кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық мамандандырылған сотта жарияланды.

Сұмдық оқиға 2022 жылы желтоқсанда Шалқар ауданы Бегімбет ауылында болған. 14 жасар Рүстем соққыға жығылып, ауруханаға түсіп, сонда көз жұмған. Мектептегі жоғары сынып оқушысы оны өлтірді деп күдікке ілінді. Ол дереу қамауға алынып, өлімге әкелетіндей денсаулыққа зиян келтірді деп айыпталды.

Тергеу мәліметтері бойынша сол күні жасөспірім ішімдік ішкен. Сол кезде кішкентай балалар оларға ескерту жасаған. Осы үшін жоғары сыныптың оқушылары оларды қатарға тұрғызып, әрқайсысын кезекпен ұрған. Соққыдан Рүстем есінен танып, қайта есін жиған жоқ.

“Достанов ҚК 106-бабының үшінші бөлігі “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын. Достанов жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді”, – деді Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мираш Жүгінісова.

Сонымен қатар мерт болған баланың ата-анасына 11 миллион теңге өтемақы өтеу шешімі қабылданды. Үкімді жариялауға қаза тапқан адамның және сотталушының туыстары қатысты.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 29 Маусым, 2023 15:24